Қазақстанда 11 жасар қыздарға егілетін вакцинаны сатып алуға 9 млрд теңге жұмсалмақ

Жарияланды
Күзден бастап 11 жасар қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина егіледі/ Фото: shutterstock

Елімізде 11 жасар қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина егілетін болады. Биыл оны сатып алуға 9 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл сомаға шамамен вакцинаның 350 мың дозасы алынады. Алайда қаражат көлемі өсуі де мүмкін. Қазақстанда 175 мың жасөспірім қыз балаға осы вакцинаны салу көзделіп отыр. Бұл туралы Сенат отырысынан кейінгі брифингте журналистер сұрағына жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан 2 немесе 4 валентті вакцинаны алуды қарастыруда.  

«Жатыр обырына қарсы вакцинаны әлем бойынша тек 4 өндіруші шығаратынын айтып кеткен жөн. Бұл ретте екі өндіруші 2 валентті вакцина шығарады. Яғни бұл адам папиломасы вирусының екі түрінен сақтайды. Тағы бір америкалық компания төрт және тоғыз валентті вакцина шығарады. Қазіргі таңда қандай вакцинаны – екі немесе 4 валентті вакцинаны алу керектігін қарастырып жатырмыз. Өйткені 9 валентті вакцинаны алу өте қиын. Сондықтан екі немесе 4 валентті вакцинаның бірін таңдаймыз», – деді.

Вакцина сатып алуға бөлінетін бюджетке келер болсақ, 2024 жылы вакцинаны сатып алуға 9 млрд теңге қарастырылып отыр. Алайда бұл сома көбейіп не азаюы мүмкін. Оның барлығы сатып алу процесі кезінде белгілі болады. Қазақстанда 11-14 жас аралығындағы 175 мың жасөспірім қыз бала егіледі деп жоспарлануда.  

«Жалпы вакцина салу бюджеті бойынша тек 11 жастағы қыз балаларға ғана салу қарастырылған. Ал әйелдер ақылы түрде ала алады», – деді вице-министр.  

Сонымен қатар Айжан Есмағамбетова жатыр мойны обыры Қазақстандағы обыр ауруы бойынша екінші орында тұрғанын тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанда жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырымен ауырып, 600-і қайтыс болады.   

«Бұл – вакцинасы бар жалғыз қатерлі ісік ауруы. Халықаралық зерттеулер 100-ден астам елде вакцина қолданылатынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар 40 шақты елде ер балаларға да салынады. 2007-2008 жылдары осы вакцинаны енгізген елдерде жатыр мойны обыры 90 пайызға азайған», – деді.

 Еске сала кетер болсақ, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинят осы күзден бастап Қазақстанда 11 жастағы қыз балаларға адам папилломасына қарсы вакцина салынатынын айтқан болатын. Бұл вакцина әйелдердің жатыр мойны обырының алдын алады.  

Сондай-ақ оқыңыз