KASE-де қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемі былтыр бірден 78,3 % өскен. Сауда бір жылда 132,2 млрд теңгеге өсіп, 301,1 млрд теңгені құраған.
Ал бастапқы нарық көлемі 32,5 млрд теңгеге бағаланып, 2022 жылға қарағанда 76,5 %-ға немесе 106,0 млрд теңгеге төмендеген. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASЕ) 2023 жылғы жұмысының қорытындысында айтылды.
Қайталама нарықта, әсіресе, жеке инвесторлар белсенді болған.
«Қайталама нарықтағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлінісінде акциялардың брутто-айналымының 42,9 % үлесіне тиесілі жеке тұлғалар неғұрлым белсенді. Банктердің қатысуы – 4,3 %, брокерлік-дилерлік ұйымдардың қатысуы – 9,8 %, басқа институционалдық инвесторлардың қатысуы – 6,5 пайыз болса, өзге заңды тұлғалардың үлесіне 36,4 % тиесілі. Бейрезиденттердің қатысуы акциялардың брутто-айналымынан 29,8 %-ға бағаланады»,– делінген хабарламада.
Былтыр KASE-де жиынтық сауда-саттық көлемі 410,7 трлн теңгені құраған. 2022 жылмен салыстырғанда сауда 57,0 % немесе 149,1 трлн теңгеге өскен.
Акциялар нарығының капиталдандырылуы бір жылда 26,4 %-ға өсіп, 26,7 трлн теңгеге жетіпті.
2023 жылы акциялар сауда-саттығы көлемі 2022 жылға қарағанда 8,5 %-ға немесе 26,3 млрд теңгеге өсіп, 333,6 млрд теңгені құраған.
«Орташа күндік сауда-саттық көлемі 1 356,0 млн теңгені (қайталама нарықта – 1 224,0 млн. теңге), мәмілелердің орташа күндік саны – 3 261 (қайталама нарықта – 3 109 мәміле), бір мәміленің орташа көлемі – 415,8 мың теңгені (қайталама нарықта – 393,7 мың теңге) құрады», – дейді Қор биржасы.
2023 жылы KASE индексінің мәні 28,8 %-ға 4 187,4 тармаққа дейін жеткен.
Былтыр 36 жаңа эмитенттің бағалы қағазы листингтен өтті: екеуі – акциялар секторында, бесеуі – KASE Global секторында, 28 корпоративтік облигациялар секторында және біреуі халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздар секторында.
Қазіргі кезде KASE сауда-саттық тізімдерінде 237 эмитенттің 656 атауындағы мемлекеттік емес бағалы қағазы бар.
Былтыр екі компаияның бағалы қағазы акциялар секторына орналастырылған. 2023 жылдың қаңтар айында «AMF Group» АҚ 144,9 млн теңге сомаға 561 678 акциясын орналастырса, қазан айында «Phystech II» АҚ 13,7 млрд теңгеге 13 650 000 акция шығарған.
Сонымен қатар казан-қараша айларында «KEGOC» АҚ-ның SPO-сы өткені белгілі. SPO аясында KASE сауда-саттық жүйесінде компания 18,7 млрд теңге тартқан. Бұл тартылған қаржының 82 пайызын құрайды.
Орталық депозитарийде омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын 693 мың жеке шот, жеке тұлғалар және ұстаушылардың 1,7 млн брокерлік шоты бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалар 161 мың жаңа жеке қосалқы шот ашқан.