Қаракөл көліндегі аққулар сарқынды су кесірінен емес, құс тұмауынан қырылып жатыр – орнитолог

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:mail.kz

Ақтауда аққулардың жаппай қырылуы жалғасуда. Бұған дейін 826 құстың өлексесі табылды. Бүгін, 18 қаңтардағы жағдай бойынша өлген құстың саны 1 018-ге жетті.

41 аққудың жансыз денесі Қарақия ауданындағы теңіз жағалауынан, қалғаны Қаракөл көлінен табылды.

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін өңір басшысы Нұрлан Ноғаев экоактивистерімен және Алматыдан шақырылған орнитологтармен кездесті.

Орнитолог, Қазақстан құстарды қорғау одағының және Мензбирлік орнитологиялық қоғамының мүшесі Виктория Ковшардың болжамынша, өлген аққулардың саны өсуі мүмкін.

Аққулардың өлімін құс тұмауымен байланыстырған орнитолог Каспийде аурудың бұл түрі жиі кездесетінін жариялады. Сонымен қатар ол осыдан 2 жыл бұрын аққудың қара бас күлкі мен чеграва тұқымдарының жаппай қырылғанын еске салды.

«Сол кезде аққулардың өліміне мұнай қалдықтарын төгу себеп болды деп есептелгенмен, үкіметтік комиссия олардың құс тұмауынан қырылғанын анықтады», – деді орнитолог.

Виктория Ковшардың сөзіне сенсек, аққулар сарқынды судан, экологиялық жағдайдан емес, құс тұмауынан қырылып жатыр.

«Вирус әдетте құстардың белгілі бір түрлеріне бағытталған. Мәселен, 2015 жылы құс тұмауы бұйра бірқазанда ғана табылды. Ал бір жерде мекен ететін, бір түр тармағына жататын қызғылт бірқазанға әсер етпеді. Демек Қаракөл көлінде аққулардың өлімі ерекше жағдай емес. Біз мұнда негізінен қысқа нашар дайындалған жас құстар өлгенін көріп отырмыз. Бұл – табиғи процесс. Аққуларды құтқару, бұл салыстырмалы түрде сіздің қар көшкінін қолмен ұстап, тоқтатқыңыз келетіні секілді мүмкін емес дүние. Сол себепті үйрек пен қаз сияқты үй құстарына, құс тұмауын жұқтырудың алдын алу маңызды», – деді Қазақстан құстарды қорғау одағының және Мензбирлік орнитологиялық қоғамының мүшесі.

Маманның мәлімдеуінше, көлге төгілетін сарқынды су аққулардың өліміне әсер етпейді. Өйткені сарқынды су көлдің биохимиялық құрамына қатты өзгеріс әкелмейді және органикалық заттарға зиян тигізбейді.

«Егер ол зиян келтірсе, аққулар ғана емес, басқа құстар да қырылатын еді. Еліміздің көптеген қаласыында сарқынды суды тазарту нысаны бар. Олар Алматы маңындағы – Сорбұлақ, Атыраудағы – «Тухлая балка» және Батыс тұндырғыш. Бұл жерлерде көптеген органикалық зат бар, ол құстардың алуан түрлілігіне ықпал етеді. Мысалы, Атыраудағы «Тухлая балка» аймағында қызыл кітап енген алакөз, сүңгуір үйрек пен ақбас үйрек сияқты құстар ұя салады», – деді орнитолог.

«Табиғи орта» үкіметтік емес ұйымы өңірлік қауымдастығы кеңесінің төрағасы, биолог Әділбек Қозыбақов Қаракөл көліндегі аққулардың азаюына қатысты түрлі миф бар екенін мәлімдеді.

«Мысалы құстарды тамақтандыру идеясын тудырған аштық туралы миф. Бірақ бұл – нақты қауіп болып табылады, өйткені құрғақ тағам құстардың ас қорыту жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін. Осылайша біздің ақкөңіл ниетіміз өзімізге кесірін тигізуі мүмкін. Тағы бір кең таралған миф – көлге сарқынды су жіберу аққулардың өлімінің басты себебі деп түсіну. Биолог ретінде сарқынды суды төгуге қарсылық білдіремін, алайда біз бұл жағдайда құс тұмауына тап болғанымызды түсінуіміз керек. Мұны зертханалық зерттеу нәтижесі, сондай-ақ ақ аққулардан басқа құстардың зардап шекпегендігі і дәлелдейді», – деді Әділбек Қозыбақов.

Оқиғаның хронологиясы

2023 жылғы 21 желтоқсанда Ақтаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылып жатқаны белгілі болды. Блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың өліп жатқанын жариялады. Қаракөл көлінің жағасынан 826 құстың өлексесі табылды.

3 қаңтарда Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мәлімдеме жасап, аққулардың құс тұмауынан қырылып жатқанын хабарлады.

«2023 жылдың 21 желтоқсанында Үстірт мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері Қаракөл көлінде қорғау шараларын жүргізу кезінде 30 аққудың (Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген) өлгенін анықтады. Осы факті бойынша қорық пен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары ҚР ЭТРМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринария ұлттық орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлген аққулардан құс тұмауының вирусы анықталған», – делінді Маңғыстау облысы экология департаментінің хабарламасында.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Каракөл көлінде қырылған аққу туралы хабарлаған блогер Азамат Сәрсенбаевқа айыппұл салды.

10 қаңтарда Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына байланысты Rixos Aktau отелін жоспардан тыс тексеру басталды. Бұған дейін экологтар аққулардың қырылуына Rixos Aktau қонақүйінің қатысы болуы мүмкін деп дабыл қақты. Желіде Rixos Aktau қонақүйінен Қаракөл көліне қара сұйықтық құйылып жатқаны көрсетілген видео тарады.

«Қаракөл көлінде аққулардың өлу фактісіне байланысты Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті тергеу ісіне қатысып жатыр. Зертханалық-сараптамалық бақылау қызметкерлері Қаракөл көліне құятын су қоймаларына жүргізілген мониторингтік зерттеу барысында Қаракөлге ағызылатын судан ластаушы заттардың артық мөлшерін анықтады. Осы дерек негізінде Rixos Aktau компаниясына жоспардан тыс тексеру басталды», – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев.

11 қаңтарда Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев сарқынды суды Қаракөл көліне биліктің рұсатымен ағызғандарын айтты.

Бас менеджер орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, қонақүй құрылысы кезінде сарқынды суды тазартып, көлге ағызу жобасы бекітілгенін баяндады. Ол қонақүйде сарқынды суды Қаракөл көліне ағызуға рұқсат беретін тиісті құжат бар екенін және Rixos Water World Aktau Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз