Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын неге тіркемеді

Жарияланды
коллаж kursiv.media

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда әзірленген коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын тіркемеуінің себебі не?» деген сұраққа Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова жауап берді.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын алу үшін биомасса өндірісінен бастап, бөтелкеге құю мен қаптамаға дейінгі вакцина өндірісінің толық циклі қажет.

«Біз құю желісі үшін халықаралық стандартқа сай GMP сертификатын іске қостық. Екінші кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Соның негізінде биомасса әзірленеді. Осы іс толық аяқталғаннан кейін, GMP сертификаты назарға алынып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан коронавирусқа қарсы вакцинаға ғана емес, басқа да вакциналарға сертификат алу мүмкіндігі пайда болады. Алдағы уақытта осы зауытта басқа вакцина шығаруды жоспарласақ, өнімге сертификат беріледі», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының QazVac вакцинасын мақұлдамауының басты себебі – Қазақстанда вакцина шығаратын зауыттың құрылысы толық аяқталмаған.

«Кез келген биофармацевтикалық зауыттың құрылысы көп уақытты, жоғары талапты қажет ететін өте күрделі процесс. Айта кету керек, біз зауытты салу, оны іске қосу және бірінші желіні қолданысқа беру жұмысын қысқа мерзімде жүзеге асырдық», – деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Айта кетейік, QazVac – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы қолданылатын вакцина. QazVac вакцинасының тиімділігі бірінші фазаның қорытындысында – 100%, екінші фазаның қорытындысында – 96%, экстенсивті үшінші кезең нәтижесінде – 84%-ды құрады.

QazVac вакцинасының авторы – ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Күнсұлу Закария.

Ол 200-ден астам ғылыми мақала, 8 ғылыми-әдістемелік құрал, 5 монография жазған. 7 профилактикалық және диагностикалық препараттарды өндіру бойынша 7 нормативтік-техникалық құжат әзірлеген. 29 өнертабыс патенттің, оның ішінде 2 халықаралық патенттің иесі.

Сондай-ақ оқыңыз