Майқайыңдағы іздеу жұмыстары: құтқарушылардың заттары табылып жатыр

Жарияланды
Майқайыңдағы іздеу жұмыстары

Майқайыңдағы іздеу жұмыстары үлкен сақтықпен жүргізіліп жатыр / Фото: ТЖМ

Майқайыңдағы іздеу жұмыстары барысында шұңқырдан құтқарушылардың оттегі баллоны мен тыныс алу аппараты табылды. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Автобустың болжамды орналасқан жерінде қазба жұмыстары жүргізілуде, оның барысында автобустың сынған бөлшектері, оттегі баллоны, тыныс алу аппараты және құтқарушының сөмкесі табылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрліктің хабарлауынша, жұмыстарды жүргізу тау жыныстарының тұрақсыздығына байланысты қиындаған. Пайда болған шұңқырдың астындағы бос орындарға байланысты топырақ үнемі қозғалып, сырғып отырады. Бұл жағдайда құтқарушылардың өздері зардап шегіп қалмауы үшін және экскаватор машинисін сақтандыру үшін арнайы қауіпсіздік кабелі тартылған.

Жалпы жұмыс барысында шамамен 4 км альпинистік арқан, альпинистік жабдық, кинологиялық есептеулер қолданылған.

«Жұмыстар қиын жағдайда жүргізілуде. Қатысқан барлық маманның өмірлеріне үлкен қауіп төніп тұр. Автобустың болжамды орналасқан жерінде бос орындардың болуы мүмкін және де іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде қайта құлау қаупі бар»,  делінген хабаламада.

Сол үшін құтқарушылар нақты уақыт режимінде топырақтың қозғалысын бақылауға арналған құрылғы орнатып, жағдайды бақылап отыр.

Апатты оқиғаны кім тексереді?

ТЖМ хабарлауынша, жазатайым оқиғаны тергеу үшін ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс істеп жатыр.

«Комиссия төрағасының өкімімен «Майқайыңалтын» АҚ жерасты кенішінің жұмысы тоқтатылып, 5 шағын комиссия құрылды. Объективті тергеу және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін 4 сараптамалық ұйым тартылды»,- деп хабарлайды ТЖМ.

Жазатайым оқиғаның салдарын жою бойынша іс-шараларды тиімді жүргізу үшін, сондай-ақ қайта құлау ықтималдығына байланысты ТЖМ мамандары халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр. Сонымен бірге таяу елдердің мамандарымен, Қазақстан ТЖМ ардагерлерімен өнеркәсіптік қауіпсіздік кеңестері өткізілген.

Қазіргі таңда іздеу жұмыстары халықаралық тәжірибе негізінде жүргізіліп жатыр.

Апат хронологиясы

4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

 9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

15 қаңтарда Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.

17 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары нәтиже берді. Шұңқырға құлаған автобустың шанақ бөлшегі мен құтқарушылардың журналы табылды. 

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның айтуынша жер кез келген уақытта опырылып, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін.

«Өздеріңіз білесіздер, жағдай өте күрделі. Мамандар жерді сканерлеп, автобустың орналасқан жерін анықтады. Құрылғы оның шамамен қай жерде екенін көрсетіп тұр. Топырақтың арасында шыны мен металл бар екені белгілі болды. Металлдың астында бос кеңістік бар. Құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кез келген уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін. Топырақ жылжыса, техниканың төмен құлау қаупі бар», – деді Бауыржан Сыздықов.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Қазақстан қор биржасында жария етілген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен аффирленген тұлғалар тізіміне сәйкес, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген. RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр. 

Сондай-ақ оқыңыз