Мирный жобасы негізінде жасыл энергетиканы дамытуға 820 миллиард теңге инвестиция тартылады / Фото: kursiv.media
Қазақстан Франциямен бірлесіп, елімізде жаңартылатын энергетика көздерін бірге дамытады. Сенат тиісті заңды мақұлдады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан мен Франция арасындағы энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылмақ.
Атап айтқанда, жасыл энергетикалық жобаларды ілгерілету, дамыту және Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру, экологиялық таза технологияларға көшу және шығарындыларды қысқарту жолымен жаһандық жылынуға қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыру көзделген.
Мәселен, Жамбыл облысында гибридті электр станциясын салу көзделген. Электр станциясы 2026-2027 жылдары іске қосылады.
«Бұл ірі жобаның техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, жоба тараптары әзірлеуші (инвестор) – француздық TotaL Eren компаниясы, қазақстандық акционерлік компаниялар – «Самұрық-Қазына» және «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ арнайы компания құрып, «Мирный» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Инвестор инвестиция бойынша шарттар мен келісімдерге сәйкес 25 жыл бойы жоба аясында электр энергиясын сақтау және теңгерімсіздіктерді жою механизмін жүзеге асыратын болады»,- деді сенатор Ольга Булавкина.
Депутат Мирный жобасы негізінде көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына кемінде 2 миллион тоннаға азайтуға болатынын айтты. Сонымен бірге 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны мен 2500 уақытша жұмыс орны құрылады. Жобаға шамамен 820 миллиард теңге немесе 1,7 миллиард доллардан астам инвестиция тартылады. Сонымен бірге 3,6 миллиард кВтсағ «жасыл энергиямен» қамти алады.
«Бүгінгі таңда әлемдік экономиканың қарқынды дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс та жылдам өсіп барады, ал жаңартылмайтын энергия қорлары жылдан жылға сарқылуда. Ал жел ресурстары Қазақстан аумағында кең таралған. Сонымен қатар, электр энергиясын ұзақ қашықтыққа беру ескірген инфрақұрылымнан туындаған шығындарға байланысты тиімсіз. Жел энергиясын пайдалану жаңартылмайтын электр энергиясы көздері өндіретін электр энергиясын беру құнымен салыстырғанда экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді»,- деді депутат Сәкен Арубаев.
Өз кезегінде сенат төрағасы елімізде жасыл энергия үлесін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
«Қазіргі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отырғаны белгілі. Біздің еліміз де қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шараларды жүзеге асыруда. Бүгін қаралған арнайы келісім елімізде жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруды көздейд. Жалпы заңды жүзеге асыру Қазақстанда жасыл энергияның арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл заң Франциямен ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді деген үміттеміз»,- деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын француз компаниясы салатыны туралы айтқан болатын.
«Арнайы келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздерін орнықты даму саласындағы ірі жобаларды әзірлеп, іске асыру. Келісім шеңберінде Жамбыл облысындағы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын салу жоспарланған», – деді министр.
Айта кетейік, Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Жұмыс сапары аясында мемлекет басшылары екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға уағдаласты.
Осы сапар аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Францияның ірі уран өндіруші компаниясы Framatome компаниясымен де келісімге келген.