Жаңалықтар

Mudarabah Capital ісі: 5 жылға сотталған вайнерлер аппеляциялық шағым түсірді

Mudarabah Capital ісі

Mudarabah Capital ісі бойынша вайнерлер сотқа шағым түсірді / Фото: kursiv.media

Mudarabah Capital ісі бойынша сотталған вайнерлер – Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов аппеляциялық сотқа шағым түсірді. Бұл ақпаратты Алматы сотының баспасөз қызметі растады.

«Іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр», – делінген баспасөз қызметінің «Курсив» тілшісіне берген жауабында.

Аппеляциялық шағымның нақты кімнен түскені де белгілі болды. Мейіржан Төребаевтың адвокаты Жанна Оразбақова өз қорғалушысының аппеляциялық шағым түсіргенін растаған.

Естеріңізге салайық, 2022 жылғы 20 сәуірде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Тергеу барысында вайнерлердің қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, ортақ пайдадан үлес алып отырғаны дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың бас бостандығын 5 жылға шектеуді сұрады.

2023 жылғы маусымда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар 12 адам сотталды. Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, әрқайсы 5 жыл бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімімен компанияның бас директоры Руслан Бурканов – 12 жылға сотталды. Ал «Astex.kz» ЖШС басшысы Алмас Құранғалиев – 14 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Дания – 10 жылға сотталған. Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Андрей Ча – 8 жылға, Mudarabah Capital ЖШС бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов – 12 жылға, Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Самат Қасенов – 8 жылға, қаржы пирамидасының заңгері Нұрлан Сұлтанбаев – 8 жылға, Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Біржан Жармұхамед – 6 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Ерлан Мансуров 9 жылға сотталды.

8 қаңтарда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша Қазақстанда іздеу жарияланған Алматы қаласының тумасы Әділет Ораздың Бішкекте ұсталғаны белгілі болды.

Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217- бабы «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша іздеу жарияланған ер адам Бішкек қаласының бейнебақылау камераларына желтоқсан айының соңында түскен. Қырғызстан полициясы күдіктіні іздеп тауып, қамауға алған. 

Айта кетейік, қазір Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты бар делінген вайнер Әзімжан Саидбаев іздеуде жүр.