«Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі мобильді операторлардың бірі шетел инвесторына сатылуы мүмкін. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.
«Жиында «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобын демонополизациялау барысы талқыланды. Атап айтқанда, мобильді операторлардың бірін бәсекеге қабілетті нарыққа шығару процесі қарастырылды. Қазіргі уақытта әлеуетті шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Демонополизациялау шараларын жүргізу нәтижесінде операторлардың халыққа көрсететін қызмет сапасы жақсармақ. Сондай-ақ жалпы телекоммуникация саласының дамуына оң әсерін тигізеді деп болжанады. Осы орайда премьер-министр бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Қазақстанда мобильді байланыс операторларының бірін «Қазақтелеком» құрамынан шығару мәселесі 2023 жылдың маусымында талқылана бастады.
Бүгінде құрамына Tele2 және Kcell кіретін «Қазақтелеком» тобы отандық телекоммуникация нарығында басымдыққа ие. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жеткен. Ал ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан. Осыған байланысты нарықты демонополизациялау мақсатында «Қазақтелеком» компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін шығару шаралары жүргізілуде.
Ұялы байланыс операторын бөліп шығаруды жүзеге асыру толығымен «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорында бекітілген. Министрлік өз құзыреті шегінде ғана көмек көрсетеді. Ұялы байланыс операторларының бірін бәсекелестік ортаға шығару арқылы телекоммуникация саласын беймонополиялау Қазақстанның телекоммуникация нарығындағы бәсекелестікті түбегейлі күшейтуге жол ашады. Ол үкіметтің бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарына енгізілген.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияның бәсекелестік нарығына 2022 жылдың соңына дейін шығуы мүмкін екенін хабарлаған. Мемлекеттік мекеме ұялы байланыс нарығында операторлардың бір компанияға шоғырлануы қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өткен. БҚДА-ның телекоммуникация саласындағы бәсекелестікті дамыту бойынша Жол картасында, еншілес компанияларды, бірінші кезекте ұялы байланыс операторларын сату арқылы «Қазақтелеком» компаниясының тобын демонополизациялау туралы айтылған.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин операторды жеке инвесторға сату мәмілесі 2024 жылға жоспарланып отырғанын, қазіргі таңда Mobile Telecom Service және Kcell де «тиісті тексеру процедуралары» жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.