SpaceX төрт адамнан тұратын экипажы бар AXIOM Space коммерциялық миссиясы аясында Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) Crew Dragon ғарыш кемесін ұшырды. Трансляция Axiom Space сайтында жүргізілді. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
«Жергілікті уақыт бойынша 16:49-да Falcon 9 зымыран тасымалдағышын Кеннеди ғарыш орталығындағы (Флорида) алаңнан ұшырды», – делінген хабарламада.
Crew Dragon 20 қаңтарда ХҒС-пен түйіседі деп күтілуде. Axiom Space үшінші миссиясының экипажы орбиталық станцияда шамамен екі апта болады. Сондай-ақ 30-ға жуық ғылыми тәжірибелер жүргізеді деп жоспарланып отыр.
Экипаждың құрамында төрт адам бар: NASA-ның бұрынғы ғарышкері Майкл Лопес-Алегрия , Италия әскери әуе күштерінің полковнигі Вальтер Вилладей, Швеция азаматы Маркус Вандт және Түркия әскери әуе күштерінің ұшқышы Альпер Гезеравджы.