Air Astana: IPO барысында компания акцияларының 25%-ы еркін айналымға шығады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
IPO барысында
Фото: kursiv.media

Air Astana әуе компаниясы биыл IPO-ға шығатынын растады. IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.

Бұл туралы тасымалдаушы таратқан хабарламада жазылған.

«Ұсыныс нәтижесінде компания жарғылық капиталының кемінде 25%-ы еркін айналымда болады. Жаһандық ұсынысқа байланысты BAE Systems жаһандық депозитарлық қолхаттың 15%-ын қосымша орналастыру мүмкіндігін ұсынбақ», – делінген ақпаратта.

Ұсыныстың түпкілікті бағасы, сондай-ақ IPO аясында сатылатын GDR мен акциялар саны түскен тапсырысқа байланысты анықталады.

Ұсыныс құрамында компания акционерлері: «Самұрық-Қазына» қоры (51%) және BAE Systems (Kazakhstan) Limited (49%) пакетіндегі акциялар мен GDR, сондай-ақ жаңа акциялар мен қосымша GDR шығарылымы болады.

KASE-ге өтініш жақын арада берілсе, LSE мен AIX-ке 2024 жылдың ақпанында шығады.

Роуд-шоу 2024 жылдың 29 қаңтарында басталады деп жоспарланған.

«Компанияның атынан Air Astana Group-ты нарыққа шығару ниетімізді ресми түрде растаймын. Орталық Азия мен Кавказдағы ең ірі авиакомпаниялар тобы ретінде біз салалық ұстанымымыз, нарықтағы позициямыз және өсу профиліміз тартымды инвестициялық мүмкіндік боларына сенімдіміз»,– деді «Эйр Астана» президенті Питер Фостер.

Бұған дейін «Эйр Астана» LSE, AIX және KASE-де IPO барысында 120 миллион доллар тартуға ниетті екенін хабарланған.

Компания Лондон қор биржасында, AIX және KASE-де бағалы қағаздарды орналастырып, өз дамуына 120 млн доллар тартуды жоспарлап отыр.

Air Astana IPO-ға шығарылғаннан кейін де акцияларының бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» қорының еншісінде қалады. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Дастан Әдиходжаев қордың 5-10% үлесі ғана шығатынын айтқан.

«Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуға тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі 2024 жылы аяқтауды тапсырды.

«Эйр Астана» жиналған қаражатты компанияның өсу стратегиясын қолдауға жұмсамақ.

Air Astana компаниясының 2023 жылғы 9 айдағы кірісі күрт өскен. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларындағы жалпы түсімі мен өзге де кірісі $900,6 млн құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5%-ға артық. 2022 жылдың 9 айындағы кірісі $747,2 млн болған.

Таза пайда 18,7%-ға өсіп, 72,4 млн долларға дейін (2022 жылдың 9 айында 61,0 млн доллар болды) жеткен. Операциялық кіріс те 11,2%-ға өсіп, 128,9 млн долларды құрады (2022 жылы – 115,9 млн доллар). EBITDAR (пайыз, салық, амортизация және амортизацияға дейінгі кіріс) 14,4%-ға өсіп, 249,8 млн доллар, ал түзетілген EBITDAR маржасы 28%-ды құраған. Бұл көрсеткіш – 2022 жылмен салыстырғанда 1%-ға аз.

Сондай-ақ оқыңыз