Ұлттық банк Қазақстанның 2023 жылғы экономикалық өсімін 5 пайызға бағалады

Жарияланды
Шығарушы редактор
 2023 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 5,1%-ды құрады

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк 2023 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 5,1%-ды құрағанын хабарлады. Өсім ҰБ болжамы шегінде қалыптасқан.

«2023 жылы экономиканың күшті өсуі оның негізгі салалары – құрылыс, сауда, байланыс, көлік, тау-кен өндіру саласы мен өңдеу өнеркәсібінің оң динамикасымен негізделді», – делінген хабарламада.

Дегенмен былтыр астық нашар өнім бергендіктен, ауыл шаруашылығында өнім шығару айтарлықтай азайған.

ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция мен экономикалық өсім арасындағы балансты табу үшін базалық мөлшерлемені түсіру қажет екенін тұжырымдайды.

«Қазіргі кезде мүмкіндіктер туып тұр. Инфляция мен экономикалық өсім арасындағы балансты табу үшін базалық мөлшерлемені түсіру қажет. Оны әрі қарай төмендетуге мүмкіндік бар. Біз бүкіл факторды ескеретін боламыз. Базалық мөлшерлеме тек төмендейді деп нақты айта алмаймын. Есептейміз, жан-жақты сараптап, тиісті шешім қабылдаймыз. Қазіргі кезде базалық мөлшерлемені төмендетуді ең дұрыс шешім деп санаймын», – деді ҰБ басшысы.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин былтыр қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экономикасының өсімі 4,9%-ды құрағанын мәлімдеген еді.

2023 жылдың алғашқы сегіз айында нақты сектордағы өсім – 4,4%, қызмет көрсету саласында 4,8% құраған. Министр экономиканың негізгі секторларында өсімнің оң серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ең жақсы көрсеткіш құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалды.

Ал қаңтар-қыркүйекте 4,7%-ға дейін баяулады.

Жазда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Онда ЖІӨ орташа жылдық өсімі 5,8%-ды құрайды делінген.

2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрайды.

Жақында Еуразиялық экономикалық даму банкі 2024-2026 жылдарға арналған болжамын жариялады. Оған сәйкес, 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5%-ға көтеріліп, инфляция 7,1%-ға дейін төмендемек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық экономиканы екі есе өсіру – жетуге болатын меже деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы былтыр «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты жолдауын жария­лаған.

Оған сәйкес 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Бірақ Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономикасы 3-4 па­йыз­ға ғана өседі. Мемлекет басшысы екі есе жоғары межеге қалай жететінімізді айтты.

«Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді», – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз