FlyArystan әуе компаниясы Air Astana-ның құрамында қала береді – Питер Фостер

Жарияланды
Шығарушы редактор
Air Astana  әуе компаниясының басшысы Питер Фостер
Фото: kursiv.media

Air Astana әуе компаниясының басшысы Питер Фостер FlyArystan компаниясы тәуелсіз компанияға айналмайды деп мәлімдеді.

«FlyArystan – «Эйр Астананың» 100 пайыз еншілес кәсіпорны және бұл мәртебені өзгерту жоспарда жоқ», – деді Фостер.

Фостердің айтуынша, Air Astana компанияның жалғыз акционері болып қала береді.

Сонымен қатар FlyArystan компаниясы алдағы бірнеше ай ішінде жеке сертификатын алады. Бұл нормативтік талаптарды сақтау және ұшу қауіпсіздігін жақсарту үшін қажет, бірақ тасымалдаушының акционерлік құрылымына әсер етпейді.

2023 жылы наурызда БҚДА FlyArystan әуе компаниясы Эйр Астанадан бөлініп шығатынын хабарлаған. Агенттік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Азаматтық авиация саласындағы іс-шаралар жоспарын әзірлеп бекіткен.

«Бұның ішінде «QazaqAir» АҚ, «AirAstana» АҚ компаниясының 100% акциясын сату, жекешелендіру сәтіне дейін FlyArystan нарығының жеке субъектісі ретінде бөлу», делінген агенттік таратқан хабарламада.

Ал қазан айында Мәжілісте депутаттар еліміздегі авиакомпаниялардың билет құнына қатысты мәселені көтерді. Депутат Айдос Сарым халыққа қолжетімді болу үшін құрылған FlyArystan әуе компаниясының бағалары аспандап кеткенін айтты.

Депутаттарға жауап берген Көлік министрі Марат Қарабаев FlyArystan Air Astanaның құрамынан шығарылып жатқанын айтқан. Министр Qazaq air де жекешелендірілетінін жекізді.

Солайша нарықта бір-біріне қатысы жоқ 4 компания пайда болуға тиіс еді. Нәтижесінде бәсекелестік артып, бағалар реттеледі деп жоспарланған.

Әуе билеттерінің тым қымбаттап кеткенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та сынаған. Ол әуе билетінің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан екі есе қымбат екенін айтқан болатын.

Баспасөз брифингінде Air Astana басшысы алдағы IPO-ға тоқталды. IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.

Роуд-шоуы 29 қаңтарда өтуге тиіс. «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Әдихожаевтың айтуынша, авиакомпания 2018 жылы акцияларды орналастыруға дайын болған.

Әуе компаниясының IPO-сы неге кейінге шегерілді?

«Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуға тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі 2024 жылы аяқтауды тапсырды.

Әуе компаниясы IPO-ның кейінге шегерілуіне британдық акционерінің IPO-ны халықаралық биржада өткізуді талап етуі себеп болуы мүмкін.

Жазда Ернар Жанаділ компанияның 49 пайыз акциясына иелік ететін британдық BAE Systems IPO-ны халықаралық қор биржасында өткізуді талап етіп отырғанын айтты.

«Біз олардың (Air Astana – Курсив) IPO-ға дайындығы туралы айтып отырмыз. Жергілікті биржаға биыл шығуды ұсынып жатырмыз. Біз тіпті жақсы беделді инвестор тауып қойдық. Олар осы IPO-дағы негізгі инвестор, олардың ұстанымымен санасуымыз шарт. Енді олар «Эйр Астана» халықаралық биржаға да, жергілікті биржаға да шығуы керек деп отыр», – деді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, компания халықаралық биржаға шықса, қазақстандық қор биржасындағы инвесторларға акциялар пакетінің кемінде 20 пайызын ұсынуға тиіс.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қазіргі екі акционердің әрқайсысы бірдей акциялар пакетін орналастыру мәселесі қарастырылып жатқаны хабарлаған. Бұл ретте Еуропа аспанында ұшарда жеңілдіктер алу үшін, компания акцияларының басым бөлігі қазақ инвесторларының меншігінде болуы шарт. «Эйр Астана» компаниясының 51% акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, ал 49% акциясы британдық BAE Systems компаниясына тиесілі. BAE Systems (Kazakhstan) Limited — әуе, құрлық, теңіз бен ғарышта қорғаныс және аэроғарыш жүйелерін әзірлеп жеткізетін британдық BAE Systems plc еншілес кәсіпорны.

Air Astana IPO-ға шығарылғаннан кейін де акцияларының бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» қорының еншісінде қалады.

2023 жылы қараша айында Bloomberg Air Astana әуе компаниясының арнайы кеңесшілерді жалдап жатқанын жазды. «Air Astana» акцияларын екі IPO-дан: Лондон биржасы (London Stock Exchange) және халықтық IPO-дан (AIX және KASE биржасынан) алуға болады делінген.

«Эйр Астана» әуе паркінде 43 ұшақ бар. 2023 жылдың соңына дейін компания тағы жеті ұшақ алуды жоспарлаған. 2027 жылдың соңына дейін әуе тасымалдаушының флоты 64 ұшақты құрайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыз