Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
ҰБ базалық мөлшерлемені 0,5% төмендетті / коллаж kursiv.media

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендетті. 2023 жылы қараша айында шығарылған соңғы шешім бойынша ол 15,75 пайыз болған. Жаңа шешім бойынша базалық мөлшерлеме 15,25% болып бекітілді

Ұлттық банктің хабарлауынша, базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына қаншалықты сәйкес келетініне байланысты болады.

«5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Ұлттық Банк экономикадағы ақпараттар легін қадағалап отыратын болады және күтпеген өзгерістер болмаса, базалық мөлшерлемені өзгертуді тоқтата тұруды жоққа шығармай, оны кезең-кезеңімен төмендетуді жалғастырады. Сонымен бірге мөлшерлемені төмендету циклі ұзақ болуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Бас реттеушінің дерегінше, жылдық инфляция 2023 жылғы желтоқсанда 9,8%-ға дейін төмендеген. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Баға өсімінің баяулауы бірқатар фактор ықпал еткен. Оның арасында жатқан ақша-кредит саясаты және әлемде азық-түлік бағасының арзандауы және өндіріс шығасыларының төмендеуі бар. Сонымен қатар, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.

Сарапшылар биыл Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете бастайды деп болжам жасаған.

Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың пікірінше, оған 2023 жылдың соңындағы инфляция деңгейі төмендеуі әсер етеді.

Ұлттық банк 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды.

Инфляция деңгейі мөлшерлемеге сәйкес пе?

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанда елде жылдық инфляция баяулап, 9,8%-ды құраған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 8,5%, азық-түлік емес тауарлар 9,1%, қызметтер көрсету 12,4%-ға өскен.

Былтыр ел Үкімет елдегі инфляция деңгейін төмендетуге бар күш-жігерін салды. Өйткені 2022 жыл ел экономикасы үшін ауыр тиіп елдегі инфляция шарықтап кетті.

2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Жыл соңына қарай Үкімет қойған межесіне жетіп, Қазақстандағы жылдық инфляция 98,%-ды құрады.

Базалық мөлшерлеме – ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық Банктің негізгі құралы. Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін белгілейді. Ортамерзімді кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлеменің мақсатты мәнін айқындайды.

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлеме мен айырбас бағамы арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Мысалы, жоғары базалық мөлшерлеме ақша нарығындағы пайыздық ставканың өсуіне, содан кейін қаржы нарығындағы қаражаттың қымбаттауына әкеледі.

Бұл өз кезегінде халық пен кәсіпорындардың тұтыну мен үнемдеудегі шешіміне әсер етеді. Барынша аз тұтыну мен көбірек үнемдеу – инфляцияны тежейтін құбылыс. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме жоғарылаған кезде ұлттық валюта да нығая түседі. 

Сондай-ақ оқыңыз