«Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында 2024 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға 700 млн доллар беріледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Ұлттық банк ұйымдастырған брифингте журналистер төрағадан биыл қанша бала Ұлттық қордың инвестициялық табысынан ақша ала алатынын сұрады.
«Біз сандарды нақтылап жатырмыз. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық акті бар.Үкімет бұл құжатты қаңтар айының соңына дейін қабылдайды. Біздің барлық жүйеміз дайын. Шамамен 7 миллионға жуық бала, оларға есепшот ашылды. 2024 жылы балаларға шамамен 700 миллион доллар бөлінеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды.
Кейін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ақша аудару тәртібі түсіндірілді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленетін белгілі болды. Біршамды уақыттан соң Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлінетіні жарияланды.
2023 жылғы қыркүйекте Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау туралы заң қабылдады. Сенат Мәжілістің шешімімен келіспей, құжатты кері қайтарды. Қазан айында Мәжіліс Сенат енгізген 10 өзгерісті қабылдады.
Былтыр Мәжіліс кулуарында журналистер Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан 18 жасқа толмай дүниеден өткен балалардың жинағына кім ие болатынын сұрады.
«Біз Ұлттық қордың табысынан аударылған ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шештік», – деп жауап берді Ұлттық экономика министрі.
2023 жылы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында балаларға ақша қашан түсетінін мәлімдеді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түседі», – деді Қаржы вице-министрі.