Пара алған: Алматы облысы экономикалық сотының судьясы 4 жылға сотталды

Жарияланды
 экономикалық сотының судьясы сотталды
Мамандандырылған экономикалық сотының судьясы А.Абдрахманов кәсіпкерден бпара алған /Фото: shutterstock

Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы сотталды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы жылдың 17 қаңтарында Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Абдрахмановқа және басқа да адамдарға қатысты үкім шығарылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жоғарғы Сотпен бірлесіп, судьяның заңсыз қызметін тоқтатқан. Судья пара алды деп күдіктелген. Агенттік мәліметінше, А.Абдрахманов Қарасай ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының Өндіріп алу бөлімінің басшысы А.Асилбековтың көмегімен екі ЖШС-ті банкрот деп танығаны үшін кәсіпкерден пара алған.

Қонаев қалалық сотымен А.Абдрахманов 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы А.Асилбековке 122,5 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Осы орайда пара беруші де жазадан құтылмағанын айта кеткен жөн. Оған сот шешімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

Сондай-ақ сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Еске сала кетсек, жазда Тараз қаласының судьясы 2 млн теңге пара алғаны үшін ұсталған болатын. Оның сотталушыдан іс жүргізуде қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындағаны үшін ақшалай қаражат алғаны белгілі болды.

Антикор 2022 қызметкерлері жемқорлыққа барған мемлекеттік органдарды атады. Агенттіктің хабарлауынша, 2022 жылы 7 әкім, 2 судья сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған. Жалпы 2022 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 725 адам сотталса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 892 адамды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз