Жаңалықтар

«Қазақтелеком» бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзған

«Қазақтелеком» бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзған / Қазақтелеком

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Қазақтелеком» бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғанын анықтады.

Агенттік ақпаратына сүйенсек, «Қазақтелеком» «Btcom infocommunications» компаниясымен тікелей келісімге отырып, тек «Қазақтелекомның» телекоммуникация қызметін алуды жоспарлаған. Яғни өзге байланыс операторлары салған желілер мен телефон желілерін пайдаланбауға келіскен. Үшінші компаниялармен келісім жасаспауға тырысқан.

Осыған байланысты агенттіктің Астана және Алматы қалаларындағы департаменттері «Қазақтелеком» және «BTcom infocommunications» компаниялары бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандарын хабарлады. Компаниялар жасалған келісімнен жоғарыда аталған ережелерді алып тастауы қажет. Қос компания агенттік ескертулерін орындаған.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі мобильді операторлардың бірі шетел инвесторына сатылуы мүмкін. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылған.

«Жиында «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобын демонополизациялау барысы талқыланды. Атап айтқанда, мобильді операторлардың бірін бәсекеге қабілетті нарыққа шығару процесі қарастырылды. Қазіргі уақытта әлеуетті шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияның бәсекелестік нарығына 2022 жылдың соңына дейін шығуы мүмкін екенін хабарлаған. Мемлекеттік мекеме ұялы байланыс нарығында операторлардың бір компанияға шоғырлануы қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өткен. БҚДА-ның телекоммуникация саласындағы бәсекелестікті дамыту бойынша Жол картасында, еншілес компанияларды, бірінші кезекте ұялы байланыс операторларын сату арқылы «Қазақтелеком» компаниясының тобын демонополизациялау туралы айтылған.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин операторды жеке инвесторға сату мәмілесі 2024 жылға жоспарланып отырғанын, қазіргі таңда Mobile Telecom Service және Kcell де «тиісті тексеру процедуралары» жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.   

«Бұл рәсімге негізінен бір жылдан үш жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ «Қазақтелеком» бұл тапсырманы келер жылы орындауы керек деп есептеймін. Себебі тапсырманы премьер-министр беріп, мемлекет басшысының бақылауында екені белгілі»,– деді Мусин.

Ол «Қазақтелеком» активтері сатылмас бұрын, инвесторлар тексеру шараларын жүргізетінін айтты.