Миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі Rixos Borovoe қонақүйінің қызметкерлерінің жаппай уланғаны үшін айыппұл салынды.
«Burabay Hotel Management» ҚР ӘҚБтК 425 – бабының 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және ол бойынша мемлекетке 4 830 000 теңге сомасында айыппұл төлесін», – делінген Бурабай аудандық сотының қаулысында.
Іс материалдарына сүйенсек, Бурабай курортында 2023 жылдың 8 қыркүйегінде Rixos қонақүйінде мекеменің 21 қызметкерінде бактериялық ішек инфекциясы анықталды. Тоғыз қызметкер Көкшетау ауруханасына жеткізілгені белгілі. Содан кейін санитарлық қызмет «Burabay Hotel Management» қонақүйіне тексеру жүргізді.
Сот компанияның кінәсін мойындағанын ескере отырып, мекеменің рұқсаты мен жұмысын тоқтатпады. Тіпті ақшалай айыппұл көлемін азайтып, 6,9 млн теңгенің орнына 4 830 000 теңге айыппұл салды.
Forbes журналының рейтингіне сәйкес, Rixos Borovoe қонақүйі белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі.
Айта кетейік, 2023 жылы Болат Өтемұратов рейтингте бір саты көтеріліп, екінші орынға тұрақтаған. ForteBank акцияларының бір бөлігін ұлы Алидарға бергенін есепке алмасақ, кейінгі бір жылда ол ешқандай ірі мәміле жасамаған. Қазір банктің 81,8 пайыз акциясы Болат Өтемұратовтың өзіне тиесілі. Сонымен қатар ол қазақстандық ұялы байланыс операторы Beeline және қырғызстандық Sky Mobile компаниясындағы акцияларға, RG Gold алтын өндіруші компаниясының 65% акциясына, шет елдердің бірнеше қаласындағы Ritz Carlton қонақ үйлері және Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасына иелік етеді.
Осыған дейін Болат Өтемұратовқа тиесілі «Верный Капитал» компаниясының бас директоры ауысқанын жазған едік. Компания хабарламасында 2012 жылдан бері басқарып келген Ерлан Оспанов қызметінен кетіп, орнына Айдан Ақанов тағайындалды. Компаниялар тобының акционері Болат Өтемұратов «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына компанияның қосар үлесін мейлінше арттыру» міндеті тұрғанын атап өткен.