Жаңалықтар

KASE-де саудаланатын қазақстандық компаниялардың акциялары 2023 жылы қандай өсім көрсетті

Фото: Илья Ким

«Курсив» Қазақстан нарығында 2000-шы жылдан бері саудаланып келе жатқан құнды қағаздарға шолу жасады.

Қазақстан нарығында 84 эмитенттің 99 акциясы саудаланады. 2023 жылдың 1 желтоқсанында акция нарығын капиталдандыру 26,8 тлрн теңге болды. Бұл 2023 жылдың басындағы көрсеткіштен 26,7%-ға көп. Алайда Қазақстан қор нарығы қалыптасқан 2000-шы жылдан бері биржа айналымында жүрген тарихи құнды қағаздар небәрі – 8. «Курсив» 23 жыл ішінде олардың құны қалай өзгергенін саралап шықты.

KASE индексінің негізі ең бірінші рет 2000 жылы есептелген KASE_Shares-те қалыптасты. Сол уақыттан бері қазақстандық қор нарығының индикаторы 100-ден 4300 тармаққа дейін 40 есе өсті. 2005 жылға дейін көптеген акция өзінің атаулы құнына жақын айналымда болды. Кейін қазақстандық қор нарығы көптеген фактор әсерінен айтарлықтай  жанданды. Соның бірі – KASE-ні коммерцияландыру мен жаңартылған сауда жүйесі.

Биржаның алғашқы хабарламаларына сәйкес, 2001 жылдың тамызында индексті есептеуге арналған тізімге 12 эмитенттің (оның ішінде сегіз екінші деңгейлі банк бар) қағазы кірген. Тізім үнемі өзгеріп отырды. Кейбір компаниялар биржа ережесін сақтамағандықтан шығып қалса, басқа біреулері ірі мәміледен кейін кетіп жатты. Банктер жабылып не басқа банктермен бірікті. Бүгінгі таңда бастапқы тізімнен төрт компания ғана қалған. Олар – екі банк, ұлттық байланыс операторы және өнеркәсіптік компания. Ал тағы бір екі эмитент KASE-нің ресми тізіміне 90-шы жылдары кірген. Бірақ та индексті есептеу үшін қолданылмады.

Осылайша 2000-шы жылдан биржада саудаланып келе жатқан алты эмитенттің 8 акциясын санап шығардық.

Биржадағы банктер

Біздің тізімнің басында бірінші болып ЦентрКредитБанк акциялары тұр. Ол Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізіміне 1999 жылдың 13 тамызында қосылған. 23 жыл ішінде құнды қағаздар 700 есе қымбаттаған. Ең бірінші сауда 2000 жылдың наурызында өтіп, бір акция 1,41 теңгеден саудаланған. Бағалы қағаздар бағасы жылдам өсіп, 2006 жылдың көктемінде рекордтық 2000 теңгеге жеткен. Бұл баға 2009 жылғы әлемдік дағдарысқа дейін сақталды. Кейін акциялар арзандай бастады. 2021 жылға дейін акциялар бағасы төмен болды. Соңғы екі жыл банк үшін табысты болып, осы уақыт ішінде акциялары екі есе өсті. ЦентрКредитБанк Альфа-банкті сатып алғаннан кейін, активтер көлемі бойынша (2020 жылдан бері 234%-ға артқан) екінші деңгейлі банктер тізімінде үшінші орында. 2023 жылдың соңында банктің бір акциясы 997 теңге болған.

Freedom Broker БЦК акцияларын «ұстауға» кеңес береді. Сарапшылар таза пайда артқанда капитал өсіп, мұнымен қоса баға белгілеу одан әрі өседі деп отыр. Жақсы қаржылық есептілікті ескере отырып, сарапшылар ЦКБ акциялары қазіргі бағадан 15%-ға өсіп, 1240 теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін болжайды.

Халық банк ацияларының нәтижесі біршама қарапайым. Халық банк акцияларының алғашқы саудасы 1998 жылы қарашада болды. Ол кезде бір акция 130 теңге болған. Бұл акциялардың 2023 жылдың соңындағы құнынан 26%-ға көп (8-орын).

Халық банк акциялары 2007 жылы шарықтаған еді. Осы кезде құнды қағаздар 780 теңге болған. Одан кейін бірнеше шарықтау мен құлдыраудан өтті. Соңғы рет акция бағасы 2021 жылдың соңында көтеріліп, артынша төмендеп, кейін қайта өсе бастады. Freedom Broker-дің соңғы бағалауына сәйкес, Халық банк акцияларының мақсатты бағасы 225 теңге, әлеуетті өсуі 41%. Ұсыныс – сатып алуға турады.  

Биржадағы бұрыннан саудаланып келе жатқан акциялар

Сондай-ақ қазақтандық қор нарығының бұрыннан келе жатқан акциялары қатарында «Қазақтелекомның» қарапайым және артықшылықты акциялары бар. Ұлттық байланыс желісінің қарапайым акциялары биржаға алғаш шыққаннан бері 14 есе қымбаттады. «Қазақтелеком» акцияларының KASE-дегі бірінші сауда-саттығы 1998 жылдың соңында тіркелген. Бір акция құны 2512 теңге болды. 2023 жылдың соңында бір акция 34 500 теңгеден сатылды. Ал эмитенттің артықшылықты акциялары саудаға алғаш шыққаннан бері 7,3 есе өсті.

«Қазақтелеком»  IPO-ға 2006 жылдың соңында шығарылды. Сол кезде еліміздің ішкі нарығында ұлттық компанияның қарапайым акцияларының 4,6%-ын сату туралы шешім қабылданған. Баға диапозоны 25-33 мың теңге болып белгіленді. IPO-ға орналастырғаннан кейін акция бағасы бірден өсе бастады. Ең жоғары баға 2007 жылдың көктемінде тіркелді. Бір акция 52 мың теңге болған.

Бүгінгі күні «Қазақтелекомның» акциялары шамамен бір акция үшін 35 мың теңгеден саудалануда. BCC Invest «Қазақтелеком» компаниялар тобының 5G желісін өрбіту нәтижесі мен компанияның өз контентін шығару бойынша жоспарларына (2024 жылы «Қазақтелеком»  мен Salem Social Media өздерінің TV+ сервисінде 12 жаңа сериал шығаруды жоспарлап отыр) жақсы баға беріп отыр.

Freedom Broker сарапшылары өткен 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша компания бейтарап қаржылық нәтиже көрсеткенін атап өтті. Жақсы табыс пен маржиналдылық капиталдық шығындардың өсуімен өтелді. Ал шоғырланған қаржылық көрсеткішке «Кселл» АҚ төмен нәтижелері әсер етіп отыр. Freedom Broker осыған қарамастан, инвесторларға «Қазақтелеком» акцияларын сатып алуға кеңес береді. Оның мақсатты бағасы бір құнды қағаз үшін 40,8 мың теңге.

Өндіруші және өнеркәсіптік компаниялардың акциялары

«Қазхром» трансұлттық компаниясының» қарапайым акциялары KASE-ге алғаш шыққан сәттен 4,4 есе қымбаттады. KASE мәліметі бойынша, ТҰК-тың бағалы қағаздарына қатысты бірінші мәміле 1997 жылдың қарашасында болған. 2000-шы жылдардың басында компания «көгілдір фишкалар» жекешелендіру бағдарламасына кірді. Қазақстанның ең үздік металлургия және мұнай компанияларын жекешелендіру шартты түрде осылай аталды. Бұл бағдарламаның міндеттерінің бірі – тап осы отандық қор нарығын дамытуды көздеді.

«Қазақхромның» акциялары белсенді сатылған кез – 2006 жыл мен 2007 жыл аралығы. Шамамен осы уақытта ENRC (кейін ERG) холдингті компаниясы құрылды. Ақыр соңында «Қазақхром» осы компания құрамына енді. Компания акцияларының максималды бағасы 2007 жылдың сәуірінде тіркелді. Бір бағалы қағаз 31 250 теңге болған. Соңғы белсенді мәміле осы жылдың қарашасында өтіп, бір акция 11 800 теңгеден сатылды. Қазіргі таңда «Қазақхром» ТҰК KCR International B.V. арқылы Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) тиесілі. Түпкі меншік иелері – ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Ибрагимовтар отбасы – 20,7%, Александр Машкевич – 20,7% және Патох Шодиев – 18,6%.

Биржадағы бұрыннан келе жатқан тағы бір компания – «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ. Бұл компанияда жекешелендіруге арналған көгілдір фишкалар тізімінде болды. Биржадағы саудаға шыққан тарихында зауыттың қарапайым акциялары 4,3 есеге қымбаттады. Қазақстан қор биржасында компания жасаған алғашқы мәміле 1998 жылдың желтоқсанында бір бағалы қағаз үшін 6,3 мың теңгемен, соңғысы 2017 жылдың қазанында (қазірдің өзінде 27,2 мың теңге) тіркелді. Бүгінгі таңда 45,03% үлесі бар зауыттың негізгі иесі – бельгиялық Specialty Metals Holding Company.

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ артықшылықты акциялары 2,5 есеге қымбаттады (7-орын). Компания акциялары сауданы сәл ерте бастады. Яғни 1997 жылдың желтоқсанында алғашқы мәмілелер бір акция үшін 2000 теңге болған. Соңғы үлкен мәміле 2017 жылдың мамыр айында бір бағалы қағаз үшін 4 921 теңге болды. Сол жылдың қыркүйегінде компанияның артықшылықты акцияларының саудасы бойынша бір бағалы қағаздың құны 20 теңгеден тіркелді. Бірақ сауданың мардымсыз көлемін (61 мың теңге) ескере отырып, біз оларды есепке алмаймыз.

Стратегиялық инвесторларға сатуға арналған көгілдір фишкалар бағдарламасында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да болды. Мұнай компаниясының қарапайым акциялары KASE ресми тізімінде тұрғанымен, биржалық саудаға қатыспайды. Биржа сайтында компанияның 100% акциясын сату бойынша 2009 жылдың қарашасында өткен бір мәміле ғана тіркелген. Бір акция 3 593,35 теңге бағада сатылған. Сол кезде «Маңғыстаумұнайгазды» «ҚазМұнайГаз» пен CNPC бірлескен компаниясы қазақ-қытай «Mangistau Investments B.V.» сатып алды. «Маңғыстаумұнайгаздың» еркін айналымдағы артықшылықты акциялары айтарлықтай белсенді саудалануда. Артықшылық акциялардың алғашқы саудасы 1997 жылдың қазанында болған. Ол кезде бір акция 1500 теңге болса, былтырғы жылдың соңында оның құны 5809 теңгеге дейін өсті.