Құлыбаевтың компаниясы бюджетке 1,7 млрд теңге айыпақы төледі

Жарияланды
Шығарушы редактор
1,7 млд теңге
Құлыбаев компаниясы бюджетке қанша айыпақы төледі / olympic.kz және shutterstock

Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Technologies компаниясынан бюджетке 1,7 млрд теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді. Ол «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС үлесінің 50%-ын сатып алу-сату шарты бойынша ерекше талаптарды бұзған. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы хабарлады.

«Joint Technologies» ЖШС-нен «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС (бұдан әрі-Парк) үлесінің 50%-ын сатып алу-сату шарты бойынша ерекше талаптарды бұзғаны үшін бюджетке 1,7 млрд теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді», –делінген хабарламада.

Ал «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне» 324 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік. Парк бәсекелестікті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліккке тартылған болатын.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компания нарықта монополия орнатып, нарыққа басқа субъектілердің кіруіне кедергі келтірді деп мәлімдеді.

Агенттіктің хабарлауынша, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған сотының қаулысымен ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін бұл паркке 324 млн теңгеден астам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылған. Сот шешімі заңды күшіне енген.

«Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің басшысы – Асқар Сахауов. Компанияның үш құрылтайшысы бар. Оған Joint tehnologies ЖШС, Атырау МӨЗ-і және «Көксеңгір» ЖШС иелік етеді. Соңғысы туралы egov-тан ақпарат іздеп көрдік, бұл компания жойылған болып шықты.

Ал Joint tehnologies компаниясының құрылтайшысы «Кипрос» ЖШС. «Кипростың» қожайыны – Тимур Құлыбаев.  Сонымен қатар Раушан Сағдиева – Құлыбаевтың Kipros компаниясымен бірге Joint Technologies компаниясының тең иесі. 

Тимур Құлыбаевқа шикізат саласында тиесілі активтерді Joint Resources холдингі басқарады.

БҚДА былтыр шілде айында  Тимур Құлыбаевқа тиесілі PetroRetail компаниясының, халыққа QazaqOil брендімен танымал станциялар желісінің «ҚазМұнайГаздан» сатып алынған мұнай өнімдерінің бір бөлігін басқа жанармай құю станцияларына қайта сататынын мәлімдеген болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз