Фото: kursiv.media
Қаржы нарығының сарапшылары Air Astana қанша тұратынын есептеп көрген. Freedom өкілдері компанияның IPO-ға дейінгі құны 453-575 млрд теңге ($1-1,26 млрд) деп тұжырымдайды. Ал IPO-дан кейінгі бағасы 481-625 млрд теңге немесе 1,06-1,37 млрд долларға жетуі мүмкін.
«Есептелген әділ құн бизнестің жылдам өсуі, нарықтың кеңеюі және бәсекелестік артықшылығы, сондай-ақ дивиденд төлеу әлеуеті жоғары қаржы көрсеткіштеріне негізделген», – деп атап өтті олар.
Айта кетейік, Air Astana компаниясының 2023 жылғы 9 айдағы кірісі күрт өскен. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларындағы жалпы түсімі мен өзге де кірісі $900,6 млн құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5%-ға артық. 2022 жылдың 9 айындағы кірісі $747,2 млн болған.
Таза пайда 18,7%-ға өсіп, 72,4 млн долларға дейін (2022 жылдың 9 айында 61,0 млн доллар болды) жеткен. Операциялық кіріс те 11,2%-ға өсіп, 128,9 млн долларды құрады (2022 жылы – 115,9 млн доллар). EBITDAR (пайыз, салық, амортизация және амортизацияға дейінгі кіріс) 14,4%-ға өсіп, 249,8 млн доллар, ал түзетілген EBITDAR маржасы 28%-ды құраған. Бұл көрсеткіш – 2022 жылмен салыстырғанда 1%-ға аз.
Қазақстандағы жолаушылар ағыны 2019 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың соңына қарай 53 пайызға артқан. «Эйр Астана» нарықта мықты позицияға ие: ішкі бағыттардағы үлесі – 69% және халықаралық бағыттардағы үлесі – 53%.
«Сонымен қатар төмен шығындар Air Astana компаниясына басқа саламен салыстырғанда айтарлықтай жоғары маржа көрсетуге мүмкіндік береді. Маржа 2021 жылдан бастап 28-29% шамасында тұрақты болып қалады. Бұндай маржа жақсы дивиденд төлеуге мүмкіндік береді», – делінген шолуда.
Ал Jusan Invest IPO шеңберінде тартуды жоспарлап отырған қаржысын есепке алмағанда, компанияны 415-550 млрд теңгеге бағалайды. Ал IPO-дан кейін құны 460-595 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
Halyk Finance сарапшылары Air Astanа компаниясының әділ құны 445-544 млрд теңге аралығында деп тұжырымдайды.
19 қаңтарда әуе компаниясы биыл IPO-ға шығатынын растады. IPO барысында Air Astana акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.
Ұсыныстың түпкілікті бағасы, сондай-ақ IPO аясында сатылатын GDR мен акциялар саны түскен тапсырысқа байланысты анықталады.
Ұсыныс құрамында компания акционерлері: «Самұрық-Қазына» қоры (51%) және BAE Systems (Kazakhstan) Limited (49%) пакетіндегі акциялар мен GDR, сондай-ақ жаңа акциялар мен қосымша GDR шығарылымы болады.
KASE-ге өтініш жақын арада берілсе, LSE мен AIX-ке 2024 жылдың ақпанында шығады. Роуд-шоу 2024 жылдың 29 қаңтарында басталады деп жоспарланған.