Тұрғын үй нарығындағы «көпіршік»: сарапшылардың бағалауынша Қазақстанда 13 жылда тұрғын үй бағасы 3,4 есе өскен

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанда 13 жылда тұрғын үй бағасы 3,4 есе өскен/ Фото:shutterstocks

Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға берілетін жеңілдетілген ипотека баспана бағасының негізсіз өсуіне түрткі болады. Салдарынан құрылыс саласында «көпіршік» қалыптасып, жылжымайтын мүлік нарығына «ережесіз ойын» тәртібі орнайды.

Applied Economics Research Centre (AERC) сарапшыларының зерттеуінше, тұтыну тауарының инфляциясымен (+2.9 есе) салыстырғанда, бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің шаршы метрі 2010 жылдан бері қарай 3,4 есе өсті. Халықтың ақшалай табысының көрсеткіші +47%-ға ғана ұлғайса, құрылыс секторындағы баға шамамен 61,9%-ға ғана қымбаттады.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша жаңа тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы 494,9 мың теңгені құрады. Салыстыру үшін айтайық, 2010 жылдың соңында жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі 143,9 мың теңге болды. 13 жылда жаңа баспананың құны 3,4 есеге өсті. Бұл көп пе, аз ба, басқа көрсеткіштермен салыстырғанда белгілі болады. 2023 жылдың қорытындысында халық тұтынатын тауарлардың бағасы 2010 жылдың соңымен салыстырғанда 2,9 есеге, құрылыстағы баға бар болғаны 61,9%-ға артты. Басқаша айтқанда, 2010-2023 жылдар аралығында жаңа тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы құрылыс секторы мен тұтыну тауарлары бағасының өсімінен асып түсті», – деп нақтыланды AERC сарапшыларының зерттеуінде.

Сарапшылар бастапқы тұрғын үй бағасында «көпіршік» белгісі бар екеніне назар аударып, бұған жылжымайтын мүлік нарығындағы ұзақмерзімді ауытқулар себеп болғанын алға тартты.

«Көпіршікті» анықтау үшін жылжымайтын мүлік бағасының өсу қарқынын елдегі жалпы инфляциямен салыстыру жеткіліксіз. Бұл жерде нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын ескерген жөн. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің акциялар мен облигациялар сияқты актив екенін назарда ұстау қажет. Ал активтердің «қарапайым» тауардан айырмашылығы бар. Актив cатылады және сатып алынады», – деп түсіндірді сарапшылар.

Халық саны көбейсе, тұрғын үй нарығының көрігі қызады деп ойлау қате пікір екен. Бұл туралы сарапшылар: «2023 жылдың соңында халық саны 2010 жылдың соңындағы 16,2 млн адамнан 19,77 млн адамға жетті. Осы кезеңде тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші 6,4 млн шаршы метрден 17,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайды. Бірақ сатып алу қарқыны бәсең болды», – деді зерттеушілер.

Сарапшылардың айтуынша, халықта тұрғын үй сатып алатын қолма-қол ақша болмады. Тұрғын үй нарығы тұралай бастады. Сол кезде көмекке түрлі ипотека келді. Халық бастапқы жарнаға тұрғын үйдің 30%-ын төлеп, жаппай қарызға үй алуға кірісті. 2018 жылы «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Осы кезде халық жаппай үй алуға лап қойды. Есесіне жылжымайтын мүліктің бағасы шарықтап шыға келді.

«2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы 2022 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. 2022 жылдың желтоқсан айында үй бағасының өсуі 15,6% ғана болған», – деп жазылды AERC зерттеуінде.

Сондай-ақ оқыңыз