Жаңалықтар

Тоқаев: Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс

Фото: akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның қоғамдағы орны мен рөлін тілге тиек етіп: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Заң бұзған кез келген адам жазасын алу керек», – деді.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруі тиіс.

«Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл орта буындағы басшылық құрам кезектен тыс аттестациядан өтетінін жариялап, Ішкі істер министрлігінде «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек екенін шегелеп жеткізді.

«Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою қажеттігін алға тартты.

«Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты», – деді Қазақстан басшысы.

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», – деді президент

Мемлекет басшысы есірткінің таралуына тосқауыл қоюды талап етті.

«Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейтуді тапсырды.

«Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс.