Ауғанстан аумағында құлаған Ресейдің Falcon 10 ұшағында болған 4 адам тірі қалған. Бұл жайлы Afghanistan International басылымы хабарлаған.
Басылымның хабарлауынша, тірі қалған Ресей азаматы жақын маңдағы ауылдардың біріне жаяу жетіп, көмек сұраған.
«Шетелдік азамат Куф-Аб ауданының Педу ауылына жаяу жетіп, тұрғындардан ым-ишарамен көмек сұраған. Ауыл тұрғындары бұл азаматты талибан өкілдеріне жеткізген»,- деп хабарлайды басылым.
Ұшақ апаты Ауғанстанның Педу ауылының маңында болған. Бұл ауыл аудан орталығынан 1-2 сағаттық қашықтықта орналасқан. Ұшақ құлаған жерде қалың қар жауған. Сол себепті іздестіру жұмыстары қиындаған.
Ресей басылымдарының хабарлауынша, Falcon 10 ұшағы «Атлетик Групп» жекеменшік компаниясына тиесілі. Әуе кемесі жеке тапсырысты орындау барысында апатқа ұшыраған. Ол Гая (Үндістан) — Ташкент (Өзбекстан) — Жуковский (Ресей) бағыты бойынша ұшуды жоспарлаған. Ұшақ экипажы жанармайдың жеткіліксіздігіне байланысты жоспардың өзгергенін, сол себепті Тәжікстан әуе-жайына қонатынын хабарлаған. Ал біраз уақыттан кейін қозғалтқыштарының істен шыққанын мәлімдеген.
Ұшақ бортында алты адам болған. Оның төртеуі экипаж мүшесі екеуі жолаушы. Жолаушылар – кәсіпкер Анатолий Евсюков пен оның әйелі Анна. Ұшақ науқас Анна Евсюкованы Ресейге жеткізуі керек болған.
Экипаж мүшелерінің есімдері де белгілі болды. Олар – Дмитрий Беляков, Аркадий Грачев, Игорь Сывороткин және Павел Попов. Ауған ауылына жетіп, көмек сұраған медициналық қызметкер – Игорь Сывороткин. Әзірге нақты кімнің қаза болғаны туралы ақпарат жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ауғанстанның Бадахшан провинциясында Ресейдің Falcon 10 ұшағы екі қозғалтқышының істен шыққанына байланысты апатқа ұшырағаны туралы жазғанбыз.