Алматыда зілзаладан зардап шеккен адамдар саны 67-ге жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Алматыдағы зілзаладан кейін 67 адам медициналық көмекке жүгінді/ Фото:shutterstock

Алматыда зілзаладан зардап шеккендердің барлығы қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

«2024 жыл 23 қаңтардың сағат 17:00-дағы жағдай бойынша Алматы қаласының ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 55-сі ересек, 12-ы бала. Сегіз адам ауруханаға жатқызылды (үш ересек және 5 бала), қалған науқастар барлық қажетті тексеруден кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Үш ересек науқас Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Науқастардың бірі отадан кейін жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», – деді Алматы әкімдігі.

Сонымен қатар екі науқас травматология және ортопедия бөлімшесінде жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр.

«Балалар жедел медициналық жәрдем орталығында төрт бала: 6 және 7 айлық, 7 және 16 жастағы балалар медициналық көмек алып жатыр. Олардың барлық жарақаты үйде құлау салдарынан болған. Сәбилерге келетін болсақ, бір сәби анасының құшағынан, екіншісі бесіктен құлаған. Барлық баланың жағдайы орташа тұрақты деп бағаланады. Олар нейрохирургия және травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Хирургиялық ота жасалмады, емі консервативті болды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік,  23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1.

MPV магнитудасы 6.7.

Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б.

Тереңдігі 65 км.

Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.

«Тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз.Өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес тиісті мемлекеттік органдар хабардар етілді, бұзушылықтардың болуына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс істеуіне мониторинг жүргізілуде.
Полиция департаментінің жедел кезекшісіне қаланың ғимараттары мен құрылыстарын қирау мен зақымдану тұрғысынан көзбен шолып қарау туралы ақпарат жинау үшін ақпарат жеткізілді» – делінген хабарламада.

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.

Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған. 

Қалада түнгі сағат 1-ден бастап таңғы уақытқа дейін бас жарақаты, соғылу, аяқ-қолдың созылуы сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат алған 44 адам медициналық көмекке жүгінді деп хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз