Қазақстан авиациялық әкімшілігі АҚШ-қа тікелей рейстер ашпақшы

Жарияланды (жаңартылды )
Авиациялық әкімшілік АҚШ-қа тікелей рейстер ашпақшы/kursiv.media

Қазақстан авиациялық әкімшілігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен «Қазаэронавигация» РМК басшылығының ұшу қауіпсіздігі жөніндегі баяндамасында айтылған.

«Авиациялық әкімшілік АҚШ әуе билігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар өтінім беру және FAA аудитінен өту үшін Эйр Астана флотына Boeing 787 Dreamliner жеткізіледі деп жоспарланып отыр», – деп жазылған хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, жалпы Қазақстанның халықаралық авиация ұйымының талаптарына сәйкестігі 82 %. Сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау жұмыстары бойынша 2023 жылы 753 тексеріс жүргізіліп, 1008 құжат берілген.

Қазақстаннан АҚШ-қа ұшатын тікелей әуе рейсі тек 2025 жылы ашылатыны туралы жазған едік. АҚШ-тың бұл салада қоятын талабы қатаң. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегеннің айтуынша, тікелей рейс ашу бағытында жұмыс жүріп жатыр.

«АҚШ-та авиация, жолаушылар тасымалы саласында қойылатын талаптар қатал. Біз АҚШ авиация билігімен бірлесе отырып, осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл рейстер 2025 жылға қарай ашылады деп жоспарлап отырмыз», – деді Тимур Тілеген.

Соннымен қатар Прага, Токио, Сингапур және басқа да қалаларға әуе рейстерін ашу жоспарланған. Тілегенов жыл соңына дейін Пәкістан, Оман, Израиль мен Малайзияға жаңа халықаралық бағыттар ашылатынын айтты.

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашу 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында ҚР ИИДМ баспасөз қызметі Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу 2025 жылға қарай жоспарланғанын хабарлады. Тікелей әуе рейсінің ашылуы ұзақ қашықтыққа ұшатын B-787 Dreamliner ұшағын сатып алумен байланысты болған. Бірақ ұшақты сатып алу пандемияға байланысты 2025 жылға кейінге шегерілген.

2023 жылдың наурызында Қазақстан авиация қауіпсіздігі саласында еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізетіні айтылған.

Еуропалық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына негізделген. Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Катышев сарапшыларды еліміздегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы жүйемен таныстырып, бірыңғай мемлекеттік оператор құру жоспарлары, әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі функция және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі алымды тоннадан жолаушыға есептеу тетігін өзгерту шаралары туралы айтқан.  

Сондай-ақ оқыңыз