Алматыдағы жер сілкінісі кезінде неге дабыл қағылмады

Жарияланды
сирены
Алматыдағы жер сілкінісі кезінде неге дабыл қағылмады / shutterstock

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл қағылмаған. Бүгін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жасау құралдарының неліктен іске қосылмағанын түсіндірді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.

Бұған қоса, ол қала тұрғындарының жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту хабарламаны неліктен жер сілкінісінен кейін алғанын түсіндіріп өтті.

«Халық саны көп әрі байланыс операторлары ақпаратты оқып үлгермейтіндіктен, СМС-хабарламалардың кеш түсетінін анықтадық. Біз хабарлама жіберу тәжірибесінен ақырындап бас тартып келеміз. БАҚ беттерін ақпарат  сағат 00:11 жарияланды. Содан кейін біз әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріп отырдық», – деді Атығаев.

Желіде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті Нұрәлі Әлиевтің компаниясынан 1,1 млрд теңгеге жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алған.

Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. 

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты. 

Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған.

Сондай-ақ оқыңыз