Жаңалықтар

Тергеушілер «Майқайыңалтын» қызметкерлерінен жауап алды

Тергеушілер «Майкаинзолото» қызметкерлерінен жауап алды / kursiv.media

Майқайың кентінде жол опырылуынан кейін адам қайтыс болған соң, Павлодар облысыныңполиция департаментінің тергеу басқармасы тергеу жұмыстары барысында «Майкаинзолото» қызметкерлерінен жауап алды.

«2024 жылғы 4 қаңтарда Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі «Майкаинзолото» АҚ аумағында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында

Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды тергеу жөніндегі комиссия құрылып, іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалған. Тергеу Бас прокуратураның тікелей бақылауында.

Қылмыстық істі тергеу шеңберінде кәсіпорынның 40-тан астам қызметкері мен ЖШС басшылығынан жауап алынған. Сондай-ақ, қажетті құжаттар мен бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар қаралды. Тау-кен құрылыс саласының мамандары сараптама жұмыстарын жасап жатыр.

4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады бастапқыда Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

Дәл осы күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кірісті. Сонымен қатар шахтадағы  қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов: 

«Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деді.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, ол Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр.