Жаңалықтар

Қазақстанда мұнай өндіруге құйылатын инвестиция төмендеді

Қазақстанда мұнай өндіруге құйылатын инвестиция төмендеді/Фото: shutterstock

2023 жылдың қорытындысында шикі мұнай өндіруге 3,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Инфляцияға енгізілген түзетуге сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда құлдырау көрсеткіші 0,5%-ды құрады.

Бірінші кредиттік бюроның байламынша, бұл айтарлықтай төмен көрсеткіш болмаса да, әдеттен тыс жағдай. Пандемия кезеңін ескермегенде соңғы 10 жылда Қазақстанда мұнай өндіруге салынатын инвестиция азайған емес.

Бірінші кредиттік бюро көрсеткіштің сәл төмендегеніне қарамастан, нәтиже ойдағыдай екенін атап өтті.

«Көрсеткіш 7 жыл қатарынан 2 трлн теңгеден астам деңгейде тұр. Мұны түсіндіру оңай. Осы уақыт аралығында Теңіз кен орнының жобалық қуаттын арттыру
жобасы жүзеге асырылып жатыр», – деп жазылды Бірінші кредиттік бюроның телеграм каналында.

2021 жылы Қазақстанның Энергетика министрлігі Chevron бастаған мұнай компаниялар тобымен Теңіз кен орнындағы өндірісті 36,8 млрд долларға ұлғайтуға уағдаласты. Кейін Теңіз кенішін кеңейту жобасының аяқталу мерзімі 2024 жылдың ортасына шегерілген. Артынан бұл шешімге де өзгеріс енді. Теңіз кен орнын кеңейту жобасын іске қосу 2025 жылдың екінші тоқсанына белгіленген. Нәтижесінде мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға ұлғаяды деп болжанған.

2023 жылғы қыркүйекте Теңіз кен орнын кеңейту кейінге шегерілуіне байланысты жоба құны қымбаттауы мүмкін екені жарияланды.

2023 жылғы 4 қазанда KAZENERGY Еуразиялық форумында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Теңіз кенішін кеңейту жобасы 6 айға шегерілгенін хабарлады.

«Жобаның қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығын қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылданды», – деп түсіндірді сол кезде Энергетика министрі.

Ал 2023 жылғы 15 желтоқсанда «Теңізшевройл» серіктестеріне ұсыныс жасады. Жобаны кейінге шегере тұру туралы мәселе көтерді.

Айта кетейік, бастапқыда жоба құны 12 млрд долларды құрады. Кейін бұл көрсеткіш 37 млрд долларға жетті. Үкіметтің 2023 жылдың сәуірінде жариялаған мәліметінде Теңізді кеңейту жобасы шамамен 47 млрд долларға бағаланып отырғаны көрсетілді.

«Теңізшевройл» компаниясының қатысушылары – «Chevron» – 50%, Exxon Mobil – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20% және Лукойл – 5%.

«Chevron» – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.