Ғылым министрі алдағы үш жылда Назарбаев университетіне бюджеттен қанша ақша бөлінетінін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Назарбаев университетіне алдағы 3 жылда бюджеттен 42 млрд теңге бөлінеді/kursiv.media

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетін алдағы жылдары қаржыландыруға қатысты сұраққа жауап берді. Министрдің дерегінше, жоғары оқу орнын қазынадан қаржыландыру жалғасады.

«Біріншіден, біз қаржыландыруды сақтап қалдық. Назарбаев университеті үшін өткен жылғы деңгейде шамамен 42 млрд теңге сақталып қалды. Алдағы 3 жылда да қолдау көрсетеміз. Қолдауға мемлекеттік білім тапсырысы да жатады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Біз алдағы 3 жылда қаржыландыруды былтырғы деңгейде ұстап тұрамыз. Бұл бүгінге дейін бюджетте бекітілген», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Журналист Саясат Нұрбектен: «Оқу ақысында өзгеріс бола ма?», – деп сұрады.

«Біз ақылы білімге қатысты консервативті саясат ұстанамыз, үлкен өзгеріс болмайды. Мемлекеттік білім грантын көбейтіп жатырмыз, өйткені қазір өңірлік жоғары оқу орындарының негізгі табысы гранттан түседі. Университеттерді қолдау, профессор-оқытушылар құрамының жалақысын көбейту маңызды мәселе. Былтыр мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Алдағы уақытта жыл сайын орта есеппен 20-25%-ға көбейіп отырады. Дұрыс түсіну керек, ақылы бөлім қымбаттамайды, керісінше грант құны артады. Біз бағаны төмендетіп, грант санын көбейтеміз», – деп жауап берді Ғылым және жоғары білім министрі.

Бұған дейін Саясат Нұрбек Алматыдағы Сейсмология институтына қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеген болатын.

Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыруға 5,7 млрд теңге немесе былтырмен салыстырғанда екі есе аз қаржы бөлінген.

«Назарбаев Университетіне 1,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл соманы жылдан жылға азайтамыз. Республикалық бюджет қалыптасып жатыр. Оны міндетті түрде қайта қараймыз. Үнемделген қаржыны басқа мақсатқа пайдалану маңызды», – деп қосты Қаржы министрлігінің басшысы.

«Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» мемлекеттік қаржыландыру жыл сайын қысқаратынын хабарлаған едік. Ол туралы маусым айында Қаржы министрі мәлімдеген болатын.

Оның дерегінше, Үкімет осы екі мекемені қаржыландыруды жүйелі түрде қысқартуды мақсат етіп отыр. «Өйткені олардың жеке қаржыландыру тетігі бар», деген еді Жамаубаев.

«Назарбаев Университетіне 1,8 миллиард теңге бөлінді, бұл соманы жылдан жылға азайтамыз. Республикалық бюджет қалыптасып жатыр. Оны міндетті түрде қайта қараймыз. Үнемделген қаржыны басқа мақсатқа пайдалану маңызды», – деп қосты Қаржы министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар, НУ-дегі тағайындау туралы жазған едік. Бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оның атқарушы вице-президенті болып тағайындалды.

Айта кету керек, «Назарбаев Университеті» – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған. Алғашқы студенттерін 2010 жылдың қыркүйегінде қабылдай бастады.

Университет жеке білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Университет қызметі «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы арнайы заңмен реттеледі.

Айта кету керек «Назарбаев Университетіне қатысты ашық деректердегі мәліметке сәйкес, ол 2011 жылдың 15 маусымында тіркелген. Құрылтайшысы ҚР Премьер-министрінің канцеляриясы мемлекеттік мекемесі. 2023 жылдың 18 шілдесінде құрылтайшы ауысқан. Ол – ҚР Үкіметінің аппараты мемлекеттік мекемесі.

Сондай-ақ оқыңыз