Экология министрі киік етінен жасалған консервілер жайында: сатып алып, дәмін көрем

Жарияланды
сайгаки
Ақбөкеннен киік консервісі дайындалады / Коллаж: kursiv.media

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеу шараларына мемлекеттен ақша бөлінбегенін айтты. Сонымен бірге киік санын азайту халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

«Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Мәселен, Жаңа Зеландияда, Германияда жануарлар саны реттеліп отырады. Германияда қабан саны ұрғашы, буаз деп бөлместен реттеледі. Финляндияда да солай», – деді министр.

Министрлік басшысы қазір саны азайтылып жатқан киік санын көбейткені үшін Қазақстанға тек Ди Каприодан ғана емес, басқа халықаралық ұйымдардан алғыс хаттар келгенін айтты.

«Атақты Голливуд актері Ди Каприодан ғана емес, сонымен қатар көптеген халықаралық ұйым бізге алғыс хаттар жолдап жатыр. Біз киік санын көбейте алдық. 21 мың бас киік санын көбейту үшін көп жұмыс жүргізілді», – деді министр.

Министр бұл жағдайға адамзаттың өзін кінәлады. Адам баласы табиғаттың өзін-өзі реттейтін экожүйесін бұзғанын айтты.

«Тағы айтамын, адамзаттың өзі кінәлі. Біз табиғаттың өзін-өзі реттеу жүйесін бұздық. Ал енді ауыл шаруашылығына, экожүйеге келтіретін зиянын азайту үшін бүгінде киіктердің санын реттеуге мәжбүрміз», – деді.

Журналистер Нысанбаевтан киік консервісі туралы сұрады. Министр киік етінен жасалған консервіні сатып алып, міндетті түрде дәмін көретінін айтты.

«Мен бұл туралы мүлде ойламаппын. Егер сатылып жатқанын көрсем, алып дәмін көремін», – деді ол.

Киік санын азайту қалай жүріп жатыр?

Мамандар осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжаған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. 2022 жылы Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО-да егіс алқаптары тапталған. Шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңгеге шығын келген. 

Осы орайда Голливуд актері Леонардо Ди-Каприо өзінің әлеуметтік парақшасында Қазақстанды ақбөкендер санын көбейтудегі жетістігімен құттықтады.

Актер бірінші жануарларды қорғаудағы жетістіктеріне тоқталды. Ол құрып кету қаупі төнген киіктердің Қызыл кітап тізіміне «Критикалық қауіп төнген» санатынан «Қауіп төнуге жақын» санатына ауысқанын жазған.

«Бұл бұрын-соңды болмаған қалпына келтіру шарасы негізінде Қазақстандағы ақбөкен популяциясы жақсы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 000-ға дейін азайып кеткен бұл жануарлар түрінің саны қазір жабайы табиғатта 1,9 миллионнан астам басқа дейін жеткен. Қазақстан үкіметін бұл жетістігімен құттықтаймыз! Қазақстан билігі браконьерлікпен күрес жөніндегі бастамаға және құқық қорғау органдары мен жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлді. Бұл – табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы бірлескен күш-жігерге негізделген табиғатты қорғау саласындағы шынайы табыстың тамаша үлгісі»,– деп жазды актер.

Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан, атуға рұқсат берген. Министр Ерлан Нысанбаев соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, қолайсыздық тудырыған себепті қарал тәсілін жүзеге асыру қиындағанын айтты. Сол себепті де аулауға рұқсат етілген.

Осыған дейін ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынғанын, Қазақстанның мүйізді экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығара алмайтынын айтқан. Ол тыйым мерзімі аяқталғанша, киік мүйіздері арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталатынын, өте қымбат киік мүйіздерін сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылатынын мәлімдеген.  

Ал ауланған ақбөкеннің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін екендігі айтылды. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын екенін айтты. Осылайша, екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың бас ақбөкеннің етін өндіріске жіберуге тиіс болған. Ал ақбөкендерді ұстап, сойып, зауытқа өткізумен орман шаруашылығы қызметкерлері айналысатыны айтылды. 

Сондай-ақ оқыңыз