Ұлттық қауіпсіздік комитеті 200 кг астам мефедрон есірткісі мен 100 литр шикізатын анықтаған. Бұл жайлы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылғы 18 қаңтарда Алматы қаласында жалға алынған жеке үйде психотропты заттарды дайындау процесінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы, 1997 жылы туған Қазақстан азаматы қылмыс үстінде ұсталды»,делінген хабарламада.
Құзырлы органдар бұл үйден синтетикалық есірткінің рекордты партиясын тауып, заңсыз айналымнан алған. Тінту кезінде 200 кг астам «мефедрон» есірткісінің дайын өнімі және 100 литр шикізаты табылған.
Дайын есірткі заттарының бұл көлемі, анықталған зертхананың ірі партиялармен есірткі өндіргеніне дәлел болады. Ал анықталған «мефедрон» көлемі шамамен 610 мың бір реттік дозаға эквивалентті.
Бұл үлкен көлемдегі есірткіні қаскөйлер Қазақстан аумағында өткізуді жоспарлаған.
«Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – делінген комитет хабарламасында.
Жақынды ІІМ бағасы 7 млрд теңге болатын синтетикалық есірткіні тәркіледі. Оны Казцик ауылындағы жер үйде отбасылық жұп дайындаған болып шықты. Отбасылық жұптың қылмыстық әрекеттерінің дәлелдемелері ретінде полицейлермен екі зертханалық реактор, 100 кг синтезделген есірткілік ұнтақ тәріздес зат және есірткіні өндіруге арналған 800 литрден астам прекурсор тәркіленді. Осылайша бұл жағдайда еліміздің қалаларының көшелерінде тарайтын бағасы 7 млрд теңге болатын, қатты әсер ететін синтетикалық есірткінің 550 мыңға жуық дозасының алды алынды. Топ құрамында аса ірі көлемде есірткі өндіргені үшін ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.
Бір жылда қанша есірткі табылды?
Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.
Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықтап, жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.
Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып тәркіленген.
Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.