Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен

Жарияланды
жер сілкінісінен зардап шеккен
Жер сілкінісінен зардап шеккен адамдар 2-3 қабаттан секірген / Фото: shutterstock

Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Бұл жайлы қалалық денсаулық басқармасы хабарлады.

«Алматыда 23 қаңтарда болған жер сілкінісі нәтижесінде сағат 03:00-те 8 адам зардап шекті. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген», – делінген хабарламада.

Дәрігерлер үш адамды тексеріп, екеуін үйіне қайтарып, амбулаториялық емдеуге жіберген. Басқарманың хабарлауынша үшінші науқастың жағдайы ауыр. Қазір ауруханада жатыр.

Сондай-ақ үйден жүгіріп шыққан бес адам зардап шеккен. Олар дене жарақатын алған. Жарақат алғандарға қажетті медицианлық көмек көрсетілген. Ол бес адам да қажетті жәрдем алған соң, амбулаториялық емдеуге жіберілген.

Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. 

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1.

MPV магнитудасы 6.7.

Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б.

Тереңдігі 65 км.

Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.

Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған.

Сондай-ақ оқыңыз