Алматыда болған жер сілкінісінен кейін жекеменшік үйлер мен саяжайларды жалға алуға сұраныс төрт есе өсті

Жарияланды (жаңартылды )
Алматыда жекеменшік үйлер мен саяжайларды жалға алуға сұраныс төрт есе өсті/ Фото:shutterstocks

Алматыда жекеменшік үйлер мен саяжайларды жалға алуға сұраныс артты. Krisha.kz сайтының мәліметінше, бұл жақында болған жер сілкінісімен байланысты.

22 қаңтардан 23 қаңтарға қараған түні Алматы мен Алматы облысында жекеменшік жер үйлерді жалға алуға сұраныс күрт өсті. Алайда бұл бағаға әсер еткен жоқ.

«Алматыда үйді жалға алудың орташа құны тәулігіне 100 000 теңге. Жалға берілетін үйлерге сұраныстың өсуі қысқа мерзімге ғана байланысты. Ал ұзақ мерзімге үйді жалға алуға (бір ай немесе одан да көп) сұраныс көп емес. Бірақ бұл жерде белсенділік екі еседен астам өсіп отыр. 24 қаңтардағы жағдай бойынша нарықта басқа өзгерістер жоқ», – деп жазылған Krisha.kz сайтында.

Сарапшылар Алматыда пәтер сатуға немесе сатып алуға ниет білдірушілердің саны өспегенін айтты. Сондай-ақ Астанада да тұрғын үйге сұраныстың өсуі байқалмайды.

«Нарықта дүрбелең жоқ. Бұл күндері жеке секторға деген қызығушылықты түсіндіру өте оңай. Себебі алматылықтарды жер сілкінісі мен үрейлі болжамдар, әсіресе, жалған ақпараттар қорқытты», – деп атап өтті сарапшылар.

Айта кетейік, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды. 23 қаңтар күні түнде болған жер сілкінісінен кейін, Алматы облысында 19 ғимараттан жарықшақ табылды.

Сондай-ақ оқыңыз