Алматыда жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесі әлі жарты жыл сынақ режимінде болады

Жарияланды
асро
Коллаж: kursiv.media

Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі қазір тәжірибелік пайдалануға берілген. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп жатыр және сынақ режимінде. Жүйе әлі алты ай сынақтан өтеді.

Алматы қаласы ТЖД тапсырысы бойынша 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталған.

Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асқан. Яғни 2022 жылы 11 сейсмикалық станса салынса, 2023 жылы 17 сейсмикалық станса салынып біткен.

Тап қазіргі уақытта жүйе тәжірибелік пайдалануға берілген. Сондай-ақ жүйенің сынақтан өтуіне  жарты жыл кетеді.

Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутаттар Алматыда жер сілкінісі кезінде алдын ала хабарлаудың автоматтандырылған жүйесі неліктен жұмыс істемеді деген мәселені көтерді.

«Алматыдағы кешегі жер сілкінісі азаматтарды ескерту жүйесіндегі айқын кемшіліктерді көрсетті… Google бұл туралы алматылықтарға андройд арқылы хабарлады. Біз ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінен де, ұлттық оператордан да емес, ғаламдық қызметтерден алдық. Қиын жағдайда бізге кім қамқорлық жасауы керек – Билл Гейтс, Илон Маск па? Біздің ескерту жүйемізде не дұрыс емес? Неліктен байланыс арналары жұмыс істемейді?», – деп шамданды мәжілісмен Сергей Пономарев.

Еске салар болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл да қағылмаған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.

Сондай-ақ оқыңыз