Ресей Қазақстанда салатын үш ЖЭО-ға БЖЗҚ-дан инвестиция тартылады

Жарияланды
Зейнетақы жинақтарынан бөлінетін 1,5 трлн теңгенің бір бөлігі Ресейдің Қазақстанда салатын үш ЖЭО жобасын қаржыландырады/shutterstock

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі барысында қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов айтты. Ол бағдарлама бойынша операторлар «Бәйтерек» холдингі және «Самұрық-Қазына» қоры болатынын еске салды.

«Көмір өндіру жобаларына инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Себебі мұндай жобаларға банктер тарапынан қаржы алу қиын. Сондықтан БЖЗҚ-дан алынатын қаржының бір бөлігін көмір өндіру жобаларына жұмсауды жоспарлап отырмыз», – деді Рысқұлов. 

Зейнетақы қорынан қаражат жобаларды іске асыру қажеттілігіне қарай бөлінетін болады. Рысқұлов нақты қай жобаларға БЖЗҚ қаржысы құйылатынына да тоқталды.

«Екібастұз ГРЭС-2 жобасын қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Үшінші және төртінші блоктарды іске асыру үшін. Сондай-ақ қазіргі уақытта ресейлік серіктестермен үш ЖЭО-ны іске асыру талқылануда, осы жобалардың кейбір бөлігін қаржыландыруды да көздеп отырмыз», – деді ол.

Қаржыландыру шарттары Ұлттық Банкпен жеке айқындалатын болады. Алайда бұл ұзақ мерзімді нарықтық қарыз болады.

Айта кетейік, ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында ЖЭО салатын болған. Жаңа көмір энергоблоктары бой көтереді. 

«Интер РАО» «Екібастұз» ГРЭС-2 акцияларының 50 пайызын 10 жылдан астам иеленген еді. Станция акцияларының қалған жартысына иелік ететін «Самұрық-Қазына» 2019 жылы ресейлік компанияның үлесін 25 миллион долларға сатып алған. 

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен РФ Энергетика министрі Николай Шульгинов тиісті меморандумға қол қойды. Құжат үш жылу электр станциясында жаңа энергоблок салудан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағында генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және салуға бағытталған басқа да перспективалық жобаларды әзірлеуді қамтиды. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр меморандумға қол қойғаннан кейін журналистерге тиісті құрылымдар Көкшетауда 2024 жылы жылу электр орталығының құрылысын бастайтынын түсіндірді. Ол қазақстандық жылу электр станцияларының бәрінде осындай қондырғы бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Сәтқалиев Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысы шынымен де келесі жылы басталуы мүмкін екенін растады. Бұл ретте ресейлік тарап көмір стансаларын салуға ғана емес, сонымен қатар қаржыландыруға да дайын.

Қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО Көкшетауда 2027 жылы салынып бітетіні жайлы ақпарат тараған. Құрылыстың жалпы құны 239 миллиард теңгеден асады. Бған дейін Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға екі рет тендер жариялағанымен, бірде-бір инвестор өтінім бермеген.

Сондай-ақ оқыңыз