Жаңалықтар

Енді мемлекет нан, ұн, кеспе, қарақұмық, күріштің бағасын реттемейтін болды

Мемлекет әлеуметтің маңызы бар азық-түлік бағасын реттемейтін болды/ Фото:shutterstocks

Енді мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттемейтін болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәні облыстық және республикалық маңызы бар қала, астана аумағында әрбір тоқсан үшін әрқайсысы бойынша бөлек айқындалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 30 наурыздағы № 282 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ақпарат Ашық НҚА сайтында жарияланды.

«Бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), картоп, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада пастерленген сүт, тауық жұмыртқасы (I санатты), аc тұзы («Экстра»-дан басқа) қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәні облыстық және республикалық маңызы бар қала, астана аумағында әрбір тоқсан үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының әрқайсысы бойынша бөлек айқындалады», – деп жазылған бұйрықта.

Яғни биылғы жылдың жарты жылдығында мемлекет осы азық-түлік бағасын реттемейтін болады.

Желтоқсанда Үкімет 2024 жылы әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды алып тастауды көздеп отырғанын жазғанбыз.

СИМ Сауда комитетінің хабарлауынша, 2024 жылы 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейді. Бұл баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді.

«2024 жылдың 1 жартыжылдығына қарай ӘМАТ-қа шекті баға енгізу тетігінен отандық өндіріс 100% қамтамасыз ететін 9 азық-түлік тауарына (тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп, тауық жұмыртқасы (1-санат)) бас тарту жоспарланған», –делінген хабарлама.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында «Үкімет 2024 жылы да әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеу жалғастырады» деп мәлімдеген еді.

«Министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жұмыс жүргізеді. Сол тізімдегі тауар өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс істеп, азық-түлік қатты қымбаттамас үшін, үстінен қосылатын үстеме ақысын реттеп отырамыз», – деді вице-министр.

ӘМАТ тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылатыны жазылған. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті ( жауырын-төс бөлігі), тауық сан еті. Сонымен қатар жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сары май, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуге тиіс.