Қарттық қамсыз өтсін десеңіз немесе болашақ зейнетақыны қалай жоспарлаған жөн?

Жарияланды
Зейнетақыны
Зейнетақыны жоспарлауға бола ма? / архив kursiv.media

 «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» жақында ғана салымшыларға болашақ зейнетақыны жоспарлау үшін көмектесетін құралды іске қосты. Ол зейнетақы жинақтарын жасауға арналған жеке жоспар деп аталады. Бұл қарттық кезеңді қамсыз өткізуге көмектеседі. Kursiv Media тілшісі жаңа құрал туралы және зейнетке шығуға дайындық жайлы кеңестер әзірледі.

Жұмыстан зейнетке шыққан кезде табыс азайып, бұрынғыдай қалағаныңызды ала алмай қалуыңыз мүмкін. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін базалық мөлшер өте аз. Ал жас кездегідей емін-еркін ақша жаратып жүру үшін ертерек ойланған жөн. Ал қамдануды қай кезде бастаған дұрыс? Мол зейнетақы алып отыру үшін қалай жинауға болады?

Зейнетақыны жоспарлау қашан іске қосылғаны жөн?

Болашақ зейнетақы туралы таяғанда емес, неғұрлым ертерек ойлаған жөн. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ерлер — 63 жаста, әйелдер 61 жаста шығады. 2023-2028 жылдар арасында әйелдердің шығатын жасы өзгермей, сол қалыпта тұрады. Ал максимум жас — 63 жас деген мөлшер 2031 жылдан бастап күшіне енеді. Сарапшылар зейнетақы жинағы туралы 30-35 жастан бастап ойлану керек дейді. Өйткені осы жаста адам орта есеппен білім алып, кәсіби жолын нақтылап, мансабын реттеп, тұрақты табыс тауып отырады. Жасыңыз бұл мөлшерден асып кетсе, тіпті кейінгі қалдырмаңыз. Бастысы, білген бойда кіріскен дұрыс.

Ертерек бастасаңыз, жинау да оңай болады. Бірақ бұл кезеңде жастардың дені тұрақты табыс таба алмай, өзін іздеп, әр істің басын бір шалып, отбасын құрып жатады. Сондықтан зейнетақы туралы ойлануға шамасы болмауы мүмкін. Ал елуден асып, алпысты алқымдағанда ойлансаңыз, онда кешігіңкіреп қалғаныңыз. Себебі қажет соманы бірден көп мөлшерде салу екінің бірінің қолынан келмейді. Әйтсе де, аз сома болса да сала берсеңіз, оның әсері болатыны анық. Бұл жерде мынадай ереже бар: егер шотқа ақша жинауды ерте бастасаңыз, табысыңыз жоғары болмаса да азырақ сомадан салып отыру арқылы ұтасыз. Ал неғұрлым жасыңыз келген сайын сізге көбірек ақша салу керек болады.   

Қаншадан және қалай жинау керек?

Болашақта алатын мемлекеттік зейнетақы мөлшерін БЖЗҚ сайтындағы арнайы калькулятор арқылы есептеп көруге болады. Осылайша дәл қазіргі қарқынмен қанша алатыныңызды біліп аласыз. Содан соң қартайғанда айына қаншадан түскенін қалайтын болсаңыз, сол сомамен салыстырыңыз. Нақты соманы білген кезде сізге жинау жеңілдейді. Жоспарлау да оңай. Мысалы былай есептеп көрелік.

Мараттың жасы 30-да. Ол болашақта 90 мың теңге зейнетақы алады екен. Ал оған бұл сома аз боп көрінеді. Қалағаны — 200 мың теңге, кемінде 15 жыл алып отырғысы келеді. Айырмашылық — 110 мың теңге. Бұл мөлшерге жеткізу үшін қаншадан салып отыру керек, соны есептейік. 110 000 х 12 (бір жылдағы ай саны) х 15 = 19 800 000 теңге. Енді Маратқа зейнетке шығуға қалған 33 жыл бойы қаншадан салып отыру керегіне тоқталайық: 19 800 000 теңге./33 жыл/12 ай = 50 000 теңге. Демек, ол қазір айына 50 мың теңгеден салып бастаса, қалаған сомасын алып отыратын болады. Ал егер 45-тен асқасын жинап бастайтын болса, өзіне керек соманы алып отыру үшін жоғарыдағы сомадан екі есе көбірек салуы қажет. Яғни бұған дейін айтқанымыздай, уақыт пен сомадан ұту үшін барынша ертерек қамданып, есептеген абзал.

Жас кезде діттеген мақсатқа жету жеңілірек. Осы ретте есте ұстайтын нәрсе: зейнетақы жинағын толтырамын деп қазіргі хал-ахуалыңызды әлсіретіп алмаңыз. Негізі жинақ ретінде барлық міндетті төлемдерді алып тастағанда қолда қалатын соманың 10 пайызын салған жөн. Сонда Мараттта кредит, пәтерақы, азық-түлік секілді шығындарды төлеп тастағанда қолында таза 500 000 теңге қалуға тиіс.  

Күтпеген жағдай мен ақшаның құнсыздануы

 Өздігімен зейнетақыны жоспарлап, жүйелі түрде ақша салып отыру үшін адам қатал тәртіппен жүруі керек. Үнемі кіріс пен шығынды есептеп отыруды талап ететіні тағы бар. Бәрі біз ойлағандай бола бермей, арада қиындықтар да туындап жатады. Ұзақ мерзімге жоспар жасағанның қиын тұсы да сол. Қазіргі жағдаймен ойластырып қарағаныңызбен, күні ертең көп нәрсе өзгеріп сала беруі мүмкін. Мысалы шығын көбейіп не табыс азаюы ғажап емес. Сөйтіп зейнетақыға жинаймын деп жүргенде жұмыстан қысқарып қалатын жағдай болуы мүмкін. Ауырып қалу не балалы болу дегендей себептерді де есте ұстау қажет. Сөйтіп ойдағыдай салым жасай алмай қалатындар болады. Одан қала берді инфляция бар.

Бағаны өскені жинағыңызды құнсыздандырып тастамас үшін инвестиция жасап отыру керек. Сол инвестициядан түсетін табыс жылдық инфляциядан көп не кемінде кең болмаса тағы болмайды. Үй болған соң түрлі қажет бар. Қымбат зат сатып алу қажет болуы мүмкін. Жинақты құртып тастау туралы ойдың да жылт етуі — заңдылық.        

БЖЗҚ ұсынған зейнетақыны жоспарлау құралына шолу

Бұған дейін айтқан зейнетақы калькуляторынан жаңа құралдың қандай артықшылығы бар? Жеке жоспардың арқасында сіз мына нәрселерді істей аласыз:  

  • Қазіргі зейнетақы жинақтарының көлемін ескере отырып, өзіңіз қалаған сомаға жеткізу үшін қаншадан салым жасап отыру керегін білесіз;
  • Жеке жоспарыңыз бойынша қаншалықты дұрыс атқарып келе жатқаныңызға мониториң жүргізіп отырасыз. Сізге автомат түрде хабарлама жіберіліп отырады;

         Жаңа құралдың көмегімен болашақта алатын зейнетақыны есептегенде Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі шеңберінде есеп жасалады. Яғни базалық және бірлескен (еңбек) зейнетақысы сынды құрамдас бөліктен тұрады. Жалпы алғанда БЖЗҚ зейнетақысы мыналарға байланысты болады:

  • БЖЗҚ-ға қызметкерлердің кірістерінен төленетін міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 10 пайызы.
  • Еңбек жағдайы зиян жұмыстарда істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс беруші БЖЗҚ аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 5 пайызы.
  • Бірыңғай зейнетақы қорынан ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен берілетін зейнетақы. Оны қызметкер де, оның жұмыс берушісі де аудара алады.

         Болашақ зейнетақыны жоспарлауға мүмкіндік беретін сервисті пайдалану үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетіңізге кіресіз. Кірген кезде қолданушыға осы қызметті пайдаланып көруге болатыны туралы бір рет хабарлама келеді. Сервис жайлы көбірек ақпарат алғыңыз келсе, мына ақпаратты толық оқып шықсаңыз болады. Салымшы зейнетақы жоспарының орындалу процесін өзі бақылап отырады. Яғни қанша салым, қашан, қайдан түскені жайлы ақпарат бар. Сонымен бірге ай, жыл бойынша жоспардың қаншалықты орындалып жатқаны пайыз және ақшалай түрде көрсетіледі. Егер жоспардан қалып бара жатсаңыз, ерікті зейнетақы жарнасын төлеп, қосып жіберуге болады. Болашақ зейнетақы мөлшеріне қатысты жоспарын өзгерткісі келген жағдайда жеке жоспар параметрлерін қалауына қарай өзгерте алады. Соманы өзгертіп, жаңа жоспар жасауға әбден болады.   

Үнемдеу – табысқа жетелейді

Зейнетақыны жоспарлау үшін жарнаны ерікті түрде салып отырып, қалаған сомаға қол жеткізу үшін көп нәрседен бас тарту керек деп ойлайтындар бар. Дегенмен басы артық шығынды азайтып, үнемдей отырып та уақытты жақсы өткізуге әбден болады. Бастысы, қаржылық сауатыңызды арттырып, приоритетті дұрыс қоя біліңіз.

  • Құндылықтарды қайта қарап көріңіз. Қаладағы қымбатшылықты ауылдағы таза ауа, тыныш өмірге айырбастауға қалай қарайсыз?  Бәлкім, машинаны сатып жіберіп, қоғамдық көлікпен жүруді, велосипед тебуді әдетке айналдырарсыз? Үнем дегенді естігенде бұл әрі пайдалы, әрі сіздің өмір режиміңізге сәйкес келуі керегін ұмытпаңыз.
  • Тамақтану жоспарын жасаңыз. Қажет азық-түлік тізімін жасаған кезде оның пайдасы көп болады. Денсаулыққа ғана емес, қалтаға да жақсы.
  • Жеңілдіктерден хабардар болыңыз. Дүкендер, спортзал, автосервис, шаштараз және т.б жерлерде жеңілдік жиі болып тұрады.
  • Коммуналдық төлемдерді мейлінше үнемдеңіз. Жарықты қосқан күйі қалдырып кете бермеңіз. Тоқ айналып жатыр. Энергия үнемдейтін лампалар салып қойыңыз. Жылу мен кондиционерді керек кезде ғана қосып, басқа уақытта өшіріп жүріңіз. Ақылды құрылғылар орнатып қойсаңыз, осы нәрселерді соның мойнына іліп қоюға болады. Суды да үнемдеп үйренген дұрыс. Ақшаға үнем болып, ысыраптан алыс болуға мүмкіндік береді. Тіс жуып жатқанда краннан су ағызып тұратын әдетіңіз болса, одан да арылыңыз. Ас бөлмесінде ыдыс жуған кезде табаққа салып жуған жақсы. Болмаса, раковинаны бітеп, соған су толтырып жуыңыз. Суды ағызып қойып жуғанда көп су кетеді.
Сондай-ақ оқыңыз