БАӘ «Алтын виза» алу үшін инвесторлардан 1 млн дирхам талап етпеуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
БАӘ «Алтын виза» алу үшін инвесторлардан 1 млн дирхам талап етпеуі мүмкін / shutterstock

БАӘ «Алтын виза» беру үшін инвесторлардан жылжымайтын мүлікке бастапқы жарна салуды талап етпейтін болды. Осыған дейін инвесторлар 10 жылдық резидент визасын алу үшін кемінде 1 млн дирхам (121 млн теңге) төлеуге міндетті болған.

Тhe National News ақпаратына сүйенсек, БАӘ «Алтын виза» алу үшін ел аумағынан жылжымайтын мүлік сатып немесе ипотекаға алуға міндеттейтін норманы алып тастады.

«Алтын виза» деген не?

2019 жылы қабылданған норма бойынша инвесторлар кемінде 2 млн дирхам (242 млн теңге) болатын жылжымайтын мүлікті сатып алуы керек болатын. Ал ипотекаға алған жағдайда үй құнының кем дегенде 50%-ын төлеуге міндеттелген. БАӘ «Алтын визасын» тек ірі инвесторлар ғана емес, ғалымдар, профессорлар мен зерттеушілер де ала алады. Басты талап олардың жалақысы кем дегенде 30 мың дирхам (3,6 млн теңге) болуы қажет.

Қандай өзгеріс болады?

Ақпарат агенттігі енді «Алтын визаны» алу үшін ипотекаға тұрғын үй алуға болатынын және оның бастапқы жарнасына бұрынғыдай 1 млн дирхам емес, тіпті 50 мың дирхам (6 млн теңге) төлеуге болатынын жазған. Норманы қысқарту арқылы ел билігі халық санын көбейтуді көздеп отырғанын атап өткен.

Алайда бұл ақпаратты билік өкілдері ресми мәлімдеген жоқ. Әдетте ақпарат жария болатын Дубай қаласының Жер департаментінің сайтында да ақпарат берілмеген. 

БАӘ Қазақстандағы инвестициясы

Еске салайық, 2022 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Қазір елімізде БАӘ қатысуымен 273 компания жұмыс істейді. Оның 252-сі шағын кәсіпорындарға тиесілі.

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан кәсіпорындарына БАӘ инвестицияларының жалпы сомасы 146,6 млн долларды құрады. Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт 555,5 млн долларды құрап, 8,0 пайызға төмендеген, импорт 54,8 млрд долларды құрап, 2,0 пайызға өскен.

Еліміз әмірліктерге негізінен шикі мұнай, мыс және мыс катодтары тасымалдайды. Қой немесе ешкі еті де жеткізіледі. Болат өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар экспортайды.

«QazTrade» мәліметі бойынша, Қазақстанның БАӘ-дегі экспорттық әлеуеті 100 тауар түрі бойынша 336,5 млн долларға бағаланады. 

Сондай-ақ оқыңыз