Қазақстанда автонесиелеу қарқынды өсіп келеді

Жарияланды
Қазақстанда автонесиелеу қарқынды өсіп келеді / коллаж kursiv.media

2023 жылы көлік сатып алуға берілген автонесие көлемі 1,6 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 708,5 млрд теңге болған. 

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2023 жылы берілген қарыздардың жалпы сомасы 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бюро несиелеу қарқынының өсуін қарыз алушылардың белсенділігімен байланыстырады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 208,4 мың несие берілген. 

Өткен жылдың басындағы көрсеткішке қарағанда, жыл соңында автонесие сомасы, яғни желтоқсан айында 9,7% өскен. 2023 жылдың әрбір айындағы берілген несие көлемі 2022 жылы дәл сол айда берілген несиеден жоғары болған.

«2023 жылы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы өз жұмысын тоқтатқанын ескерер болсақ, былтыр дәл осы бағыттағы несиенің қарқынды өскені ерекше жаңалық. Әсіресе, бастапқы автокөлік нарығында айлық көрсеткіштер қарқынды өсіп келеді. Бұл нарықтағы ең үлкен өсім желтоқсан айында болған. Жалпы 178 млрд теңгеге 23,5 мың несие берілді», – делінген бюро есебінде.

Есепке сүйенсек, банктерге қарағанда микро қаржы ұйымдарының авто несиесі «қымбат». Мысалы, желтоқсан айының қорытындысы бойынша микро қаржы ұйымдарының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 40,8%, ал банктердікі – 22,2%. Бұған қарамастан, 2023 жылы жалпы авто несиелердің 30,6%-ы (481,8 млрд теңге) микро қаржы ұйымдарынан алынған.

Жыл қорытындсы бойынша авто несиелер портфелі 2,5 трлн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64,8% (1 трлн теңге) артық. Мұндай динамика қарыздардың жалпы санының 34,4% (116,3 мың қарызға) өсуіне байланысты.

Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталды.

Оны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Сол жылы шілде айында бағдарламаға бөлінген қаржы таусылғандықтан, банктер өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты. 

2023 жылы арнайы платформа құрылып, 6 ақпан күні 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге autonesie.kz сайтында өтінім қабылданған. Бұл жолы банктер пулға қатысушылардан 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады

Сондай-ақ оқыңыз