Қазақстандық бизнес несиені бір жылға дейінгі мерзімде алғанды жөн көреді. Ал жеке кәсіпкерлер 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге несие алады.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйенсек, бизнеске несие алу бойынша ең ауқымды серпінді жеке кәсіпкерлер көрсеткен. 2023 жылы қарызға берілген сома алдыңғы мерзіммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары өсіп, жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеге жеткен. Несиелер саны – 477 мың. Бұл қарыздың жартысына жуығы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге ресімделген.
Шағын бизнеске несие беру көлемі 18,1% өсіп, 7,1 трлн теңгеге жеткен. Шағын бизнес өкілдері арасында бір жылға дейінгі келісімшарттар сұранысқа ие. Жыл қорытындысы бойынша портфель 9,6% өсіп, 12 трлн теңгені құрады. Жалпы портфельдің шамамен 30%-ы 2023 жылы алынған жаңа несиелер.
Орта бизнес өкілдеріне несие беру 1,3% өсті. Мұнда да қысқа мерзімді бір жылға дейінгі несие сұранысқа ие болған. Келісімшарттың 91%-ы бір жылға дейінгі несиелер. Жыл қорытындысы бойынша портфель 5,4% өсіп, 2,3 трлн теңгеге жетті.
Ірі бизнесті несиелеу инфляциядан 8,5% төмен. Келісімшарттың 89%-ы бір жылға дейінгі несие үшін жасалған. Портфель 4,8% өсіп, 5,8 трлн теңгеге жетті.
Банктердің жеке тұлғаларды несиелеуі
Жеке тұлғаларға бизнес үшін берілген несиелер 19,8% өсіп, 286 млрд теңгеге жетті. Мұндай қарыздың шамамен 276,4 млрд теңгесін микроқаржы ұйымдары берген. Жыл қорытындысы бойынша портфель 29,7% өсіп, 282,2 млрд теңгені құраған.
Кепілмен берілген тұтынушылық несие көлемі 44,1% өсіп, 392 млрд теңгеге жеткен. Бірақ несие саны бір жыл бұрынғыдан күрт төмендеп, 190,3 мың болған. Жыл қорытындысы бойынша портфель 25,1% өсіп, 825 млрд теңгеге жеткен.
Осыған дейін 2023 жылы Қазақстанда ипотекалық несие алу көлемі 17,3% төмендеп, 1,8 трлн теңге деңгейіне түскенін жазған едік. Жалпы алғанда былтыр 116,6 мың ипотекалық несие берілген. 1 қаңтардағы жағдай бойынша ипотекалық кредиттер портфелі 5,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,3% жоғары. Жалпы соманың 61%-ы – 2022-2023 жылдары берілген жаңа несиелер.
Айта кетейік, 2023 жылы көлік сатып алуға берілген автонесие көлемі 1,6 трлн теңгеге дейін өскен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 708,5 млрд теңге болған. Жыл қорытындысы бойынша авто несиелер портфелі 2,5 трлн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64,8% (1 трлн теңге) артық. Мұндай динамика қарыздардың жалпы санының 34,4% (116,3 мың қарызға) өсуіне байланысты.