Үкімет сенаторлардың «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын және құнарлы жерлерді сақтау мен қалпына келтірудің ұзақ мерзімді ғылыми мақсатты бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын қолдады. Құжатта ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарды қоршаған ортаның бір бөлігі ретінде қорғауға бағытталған негізгі стандарттар белгіленеді.
2023 жылғы желтоқсанда сенатор Зәкіржан Күзиев үкімет басшысы Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Онда «Қазақстанда топырақты қорғау туралы» жеке заң әзірлеуді, тыңайтқыштарды пайдалану мәселелері бойынша нормативтік-әдістемелік құжаттарды жаңартуды ұсынды. Сондай-ақ 2035 жылға дейін жерді зерттеудің ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми бағдарламасын қабылдауды ұсынды.
Үкімет басшысы сенатордың бастамасын қолдап, заң жобасын парламенттік бастама аясында пысықтауды ұсынды. Сондай-ақ ол мәселені шешу үшін 2023 жылғы қыркүйекте елімізде мамандандырылған кластерлік топырақ қызметі құрылғанын мәлімдеді. Премьер-министр жаңадан құрылған қызмет жердің сапасын зерттеу, құнын анықтау, топырақтың сапасын тексеру ісімен және геоботаникалық, агрохимиялық зерттеумен айналысатынын айтты.
«Жердің тозуы мен топырақ құнарлығының төмендеуіне климаттың өзгеруі, сонымен қатар табиғи ортаға антропогендік жағдайдың әсер етуі себеп болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл осы мәселеге қатысты заңнамалық жұмыс жүргізуді жоспарламағанын ескере отырып, бұл мәселемен парламенттік бастама аясында жұмыс істеуге болады деп есептейміз», – деп жазылды үкімет басшысының депутатқа берген жауабында.
Сенатор Зәкіржан Күзиев Қазақстан аумағының 75%-дан астамы жердің тозуынан зардап шегіп, ал қалған 25%-на құнарлы топырақтың қасиетін жоғалту қаупі төніп тұрғанын айтқан болатын.
Ол топырақтағы қарашіріктің орташа өлшенген мөлшері 0,5-1,5%-ға дейін төмендегеніне тоқталды. Бұл көрсеткіш 3,5-5% шамасында болуы тиіс екенін мәлімдеген.
«Қазақстанда топырақтың құнарлылығы айтарлықтай төмендеп барады. БҰҰ мәліметі бойынша, Қазақстанның 272,5 млн гектар жерінің 179,9 млн гектары немесе жалпы аумағының 66%-ы зақымданған. Жайылымның тозуы салдарынан жыл сайынғы шығын 963 млн долларға жетті. Егістік жердің эрозиясынан 779 млн доллар, сортаңданудан 375 млн доллар шығын шегіп отырмыз», – деді сенатор.
2022 жылдан 2023 жылдың алғашқы тоқсанына дейін 6,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Мұның ішінде игерілмей жатқан немесе заңсыз берілгендері бар. 2023 жылдың соңында бұрын пайдаланылмаған 3,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін иелері игеруге мәжбүр болды. Пайдаланылмай жатқан жер Қазғарыштың спутниктік мониторингі арқылы анықталды.
2023 жылдың басында 5,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет менішігіне өткенін. Бұл пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген жерлер. Алайда қосалқы шаруашылықтарға мал жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жердің қажет болып тұрғанын хабарлаған.
Алматыда жер бөлу кезінде шенеуніктер заңсыз әрекеттерге барғанын, шығын 500 млн теңгені құрағанын жазған болатынбыз.