Интерактивті карта жер дауын шеше ала ма?

Жарияланды
Елімізде жайылымдық жер тапшы

Елімізде жайылымдық жер тапшы. Ұлан-ғайыр қазақ жерінде малға жер жетпейді дегенге сену қиын. Десе де, үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазіргі кезде 8,9 млн га жер қажет болып отырғанын айтты. Сонымен бірге Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы жобасын іске қосқанын мәлімдеді.

«jerkarta.gharysh.kz геосервисі азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш берулеріне бағдар болады, сондай-ақ жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу  белгілі дәрежеде адами факторды жояды және жер қатынастары саласындағы заңсыз мәмілелер деңгейін төмендетеді», деді министр.

Картаға шамамен Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің 75% немесе 205,4 млн га цифрландырылып, енгізілген. Бұл сервис 2024 жылға қарай толық дайын болады. Ол уақытқа қарай ауыл шаруашылығының цифрлық картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының бүкіл түрлерін, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтерді, алаңдардағы жемшөп сыйымдылығы жөніндегі ақпаратты толық қамтымақ.

Жиында Ербол Қарашөкеев қосалқы шаруашылықтарға мал жаю үшін қосымша 8,9 млн га жердің қажет боп тұрғанын айтты. Бұл  ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі соңғы онжылдықта ауылшаруашылығы жануарлары саны шамамен 8%-ға өскен. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жайылымдық жер тапшылығы жоғары.

Бұл мәселеде түйткілдің неге немесе «кімдерге» кеп тірелетінін осыдан біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов тілге тиек еткен болатын.

«Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң және сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру… Мына жердің иелерін тақтаға жазып қоюға не кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі. Астананың маңайында Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр… Мал бағып отырғандарға жер жетпей жатыр. Сіздер осы әдемі баяндаманың орнына осыны қашан қолға аласыздар. Аты-жөнін жазыңыздар. Тақтаны іліп қоюға неге ұяласыздар? Бұрынғы отырған байлар солай отыр», деген еді депутат.

Десе де, министр бұл шаруаның алға жылжып жатқанын, бірталай жердің қайтарылғанын айтты. Атап айтсақ, былтыр мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет менішігіне өткен. Ал тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллионн гектар алаңды игеруге кіріскен екен. Бұл көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есеге артық. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түсуі мүмін.

Ауыл шаруашылық министрлігі 2023 жылдың соңына қарай 5 миллион гектар игерілмеген жерді қайтаруды жоспарлап отыр. Ал іске қосылған интерактивті карта бұдан былай заңсыз әрекеттерге тосқауыл болып, ауылдағы шаруалардың жерді жалға алуына біраз септігін тигізбек.

Ал Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов интерактивті карта конкурстың ашық өтуіне ықпал етіп, бос жатқан жерге қол жеткізетіндердің қатары көбейеді дейді.

 «Бұл картаның тиімді тұсы – бос жатқан жерлер барлық азаматтар үшін қолжетімді. Яғни, жер игерумен айналысқысы келген кез-келген азамат осы картаның көмегімен өзіне лайықты жерді таңдап, конкурсқа қатыса алады. Бос жатқан жер жайылым ба, шабындық па, егістік пе бәрі де көрсетіліп тұрады. Сонымен бірге конкурс ашық түрде өтеді. Мұның алдында конкурсты әкімдік өзі өткізетін. Комиссияның басшысы, оның құрамындағы мүшелер, әкімдік адамдары болатын. Нәтижеінде, әкімдікке жақын жүрген адамдар ғана жер алатын. Интерактивті карта мұндай жасырын іс-әрекеттерге тосқауыл болады деп сенеміз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, жерді қайтарып алу кезінде Жер кодексінде бекітілген заңға сүйене отырып жұмыс жүргізу керек. Яғни, қарапайым шаруа қожалықтарының нанын тартып алудан сақ болғанымыз жөн. Кейбір жерлерді расымен де, алпауыттар иемденіп алған. Бұл тұста да  заңға сүйеніп, аты мен фамилиясынан қорықпай, заңдық негізде әрекет етіп, игерілмеген жерді мемлекеттің пайдасына қайтару керек. Жер пайдасыз бос жатпау керек. Ел игілігіне берілуі тиіс» дейді маман.

Сарапшы сонымен қатар, қайтарылған жерлерді пайдалануға бергенде ескеретін жайттар көп екенін айтады.

«Мәселен. конкурс талабына сай, жер инвестиция құя алатын тұлғаға беріледі. Яғни, ақшасы көп адам алады деген сөз. Кей тұстарда мұндай жерлерді қалталы азаматтар иеленіп, пайдаланбай, капитал ретінде алып қоюы мүмкін. Мұндай кезде жер игеруге шын ниетті шаруаға жер учаскесі бұйырмай қалады. Сондықтан да, комиссия құрамы тек бір жақты ғана қарамай, нағыз жұмыс істейтін адамдарға беруге тырысуы керек. Сонда біздің елде өнім көлемі де артып, экономикалық өсім де болары сөзсіз», деп түйіндейді ол.     

Сондай-ақ оқыңыз