Cалық және салықтық емес төлемдердің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру керек – сенатор

Жарияланды
Салықтық емес төлемдер жергілікті бюджетте қалуы керек / kursiv.media

Өңірлердің кіріс бөлігін арттыру үшін салық және салықтық емес төлемдердің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру керек. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында айтылды.

Сенатор . Бекбол Орынбасаров өңірлердегі бюджет дербестігіне алаңдаушылық білдірді. Ол 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілгенін еске салды.

Депутат бұл бастама жергілікті жердегі әкімдіктерді ынталандыру және өңірлердің кірісін ұлғайту үшін қолға алынғанын атап өтті.

Оның сөзінше, 2020-2022 жылдар аралығында бюджет түсімі 2 трлн теңгеден асты. Салық түсімі 20%-дан жоғары көрсеткішті құрады. Ал шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының жыл сайынғы өсу қарқыны 40%-дан асты.

«Әкімдерді сайлау институтын енгізуге және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін кеңейту бойынша жылдар бойы жүргізілген жұмысқа қарамастан, өңірлердің қаржылық дербестігі мәселесі күні бүгінге дейін өзекті болып тұр», – деді Бекбол Орынбасаров үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор жергілікті бюджетке қосымша кірістерді беру ісіне мұқият болу керек деп есептейді. Белгілі бір қызмет түрлерін жергілікті жерге шығыс өкілеттігін бергеннен кейін қарастыру қажет екенін алға тартты.

«Қосымша кірісті республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру
жергілікті жердегі өзін-өзі басқару жүйесінің жауапкершілігін арттырады. », – деді Бекбол Орынбасаров.

Оның пікірінше, қосымша кіріске ірі кәсіпкерлік субъектілерінен алынатын қосымша табыс салығы жатады. Елге әкелінетін тауарларға салынатын акциздерді де осы санатқа қосуға болады. Шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін қосылған құн салығын да еске салды сенатор. Сондай-ақ мемлекеттік органдар салатын әкімшілік айыппұл, өсімпұл, санкцияларды осындай кіріске жатқызды.

Сенатордың пікірінше, кірістің осы түрлерін жергілікті бюджетке аудару керек. Бұл – табыстың әділ бөлінуіне және өңірлердің кіріс бөлігіне оң әсерін тигізеді.

2023 жылы республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға жалпы шығыстардың 32% бағытталатынын жазған едік. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылы бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайғанын мәлімеді Тапшылық жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде сақталғанын айтқан.

Оның айтуынша, Президенттің өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінген. Бұл шығыстар өңірлерді қолдауға бағытталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз