Тоқаев Шәріпхановқа: Жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев Сырым Шәріпханов
Қасым-Жомарт Тоқаев Сырым Шәріпханов жұмысын сынға алды /Коллаж: kursiv.media

Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмады. Ал құзырлы органдар табиғаттың сынағынан өте алмады. Ақорданың хабарлауынша, бұл туралы президент Алматыда өткен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте айтты.

Президент әдеттегідей берілген есепте барлығы дұрыс, іс жүзінде бұрыс болғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, бір айда жер сілкінісі туралы хабарлауға тиіс болған ерте хабарлау жүйесіне бөлінген қаражат қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесі неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырды.

«2021 жылы 7 министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың түк пайдасы болмағанын мәлімдеді. Сонымен бірге сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қайта қаралуы тиіс екенін айтты.

«Үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіруді талап етті.

«Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «Смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет»,, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдан бөлек, еліміздің басқа аймақтары да жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге тиіс екеніне назар аударды.

«Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек»,, – деді президент.

Мемлекет басшысы ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екеніне тоқталды. Осы орайда үкімет пен әкімдікке мәселені зерделеп, шешім қабылдауды тапсырды.

«Жалпы, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдай кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды. Төтенше жағдайға сақадай сай болу – Үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті»,, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов сала маманы ретінде теориялық білімі бар болса да, нақты іске келгенде жұмысының нәтижесін көрсете алмай жатқанын айтты.

«Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін, егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды»,,– деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

«Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда»,, – деді президент.

Еске сала кетсек, жиында президент Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дабыл қосылмағанын дұрыс шешім деп бағалады.

«Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын»,– деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз