Жаңалықтар

Сенатор Алматы-Өскемен арасында жүрдек пойыз бағытын қайта ашуды сұрады

жүрдек  пойыз
Алматы-Өскемен жүрдек пойыз қатынайтын болса, тұрғындар діттеген жеріне 11 сағат ерте жетеді / Фото: rail-news.kz и senate.parlam.kz

Сенат депутаты Ольга Булавкина Шығыс Қазақстанға жүрдек пойыз бағытын ашуды ұсынды. Айтуынша, қазіргі пойызбен өңір тұрғындары жолға 27 сағатын жоғалтады.

Депутат теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы проблема бұрынғыдан да өзекті екенін айтты. Облыс пен Алматы қаласы арасында жоғары жылдамдықты теміржол қатынасы жоқ. Бүгінде облысты Алматы қаласымен байланыстыратын жалғыз жолаушылар пойызы – №351/352 «Алматы-2 – Өскемен-1» пойызы екен.

«Бұл бағыттағы қызмет көрсету сапасы төмен, вагондары «кеңестік кезеңнен» қалған, ал жол ұзақтығы – 27 сағат. Бұған қатысты жолаушылардан талай шағымдар кеп түскен. Денсаулығы нашар адамдар, кішкентай баласы бар ата-аналар, студенттер лас әрі желдетілмейтін вагондарда жүруге мәжбүр», – дейді сенатор.

Булавкина осыдан екі жыл бұрын Алматы-Өскемен «Тальго» жүрдек пойызы қатынағанын айтты. Айтуынша, сол кезде жол жүру уақыты 11 сағатқа бірақ қысқарған.

«Тальго» жолаушылар пойызы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық талапты орындап, Алматы – Өскемен бағытында жүріп, жол жүру уақыты 16 сағатты құрады. Алайда «Жолаушылар тасымалы» АҚ ақпаратына сәйкес, жолаушылар ағынының төмендеуіне және жолаушылар пойыздарындағы толу деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл бағыт жабылған. Алматы қаласымен жол қатынасы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан республикалық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары мен қыс мезгіліндегі қолайсыз ауа райына байланысты қиындап тұрғанын атап өткім келеді. Осыған орай, №69/70 «Алматы-2 – Өскемен-1» жүрдек теміржол бағытының қайта іске қосылуы облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қажетті балама», – деді Булавкина.

Сонымен қатар, депутат халықаралық бағытты да жақсартуды ұсынды. Ол тұрғындардан Ресей Федерациясымен теміржол жолаушылар қатынасын, атап айтқанда, Риддер-Томск бағытын ашуды сұрап отырғанын айтты. Сенатордың айтуынща, Алтай өлкесі және Новосибирск облысымен шектесетін және тығыз сауда-әлеуметтік байланысы бар Шығыс Қазақстан облысының теміржол қатынасын дамытса, облыста кәсіпкерлікті, оның ішінде туризмді дамытуға оң әсер етеді.

Депутат қысқы маусымда көлік құралы ретінде пойыздардың сенімдірек екенін, ауа райына байланысты жолдар жабылған кезде межелі жерге жетудің ең оңтайлы жолы екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, 2022 жылы ҚТЖ Алакөлге жолаушылар пойызын іске қосты.

Ал 2023 жылы 3 млн-нан астам жолаушы Ұлттық тасымалдаушы пойыздарында саяхат жасаған.

ҚР ИИДМ 2023 жылы 158 жолаушылар пойызын іске қосуды жоспарлап отырғанын жаздық. Жолаушыларды «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 107 пойызы және 12 жеке тасымалдаушының 30 пойызы тасымалдайды.