Tez.kz туроператоры өз қызметін тоқтатуына байланысты оператор қызметін пайдаланған туристердің барлығы Қазақстанға қайтарылады. Бұл жайлы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Бүгінде шетелде бұл туроператордың қызметі бойынша саяхатқа кеткен 300-ден астам адам бар.
«Мәселені шешу үшін ҚР Туризм және спорт министрлігі мүдделі тараптармен жедел кеңес өткізді. Министрліктің қолдауымен TEZ.KZ туроператорының барлық туристі Қазақстанға туроператордың кепілдік жүйесінде жинақтаған қаражаты есебінен қайтарылады. Кепілдендірілген қайтарудың алғышарты – туркодтың болуы. Туристерге туристік өнімде көрсетілгендей келу күндеріне сәйкес Қазақстанға қайту билеті қамтамасыз етіледі», – делінген министрлік хабарламасында.
2016 жылдан бастап туроператор сататын әрбір турда ТУРКОД болуы керек яғни бірегей әріптік-цифрлық мән. Туркодтын әрекеті турист Қазақстан Республикасының шекарасынан өткен кезден басталады және туроператордың өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда тез арада елге қайтарылуына кепілдік береді.
Ал саяхатқа кеткен туристерді қайтаруымен «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры айналысады. Бұл ұйым Қазақстан Республикасының туристік саяхатқа шыққан азаматтарына қатысты туроператор өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда шетелден Қазақстан аумағына тез оралуын қамтамасыз етеді.
Бұған дейін, «Курсив» Заңсыз туристік фирмаларды қалай ажыратуға болатынын жазған. Сарапшылардың пікірінше, олар әлеуетті тұтынушыларын бірінші кезекте жолдаманың төмен құнымен қызықтыруы мүмкін.
«Айталық, ұмра жолдамасының құны 1300-1350 АҚШ доллары аралығында. Ал заңсыз тасымалдаушылар болса, 800-1000 доллар етіп көрсетеді. Бірақ екеуінің жарнамасы бірдей. Жұрт, әрине арзанына қызығады. Ал олар Мекке мен Мединаға келгенде, қажыларға уәде еткен және жолдама құнына кіретін басқа қызметтерді ұсынбайды. Атап айтқанда, қонақүймен, гидпен қамтамасыз етпейді. Күніне екі рет тамақтану, трансфер, экскурсиялар және т.б деген жоқ. Заңды туроператорлар ешқашан мұндай тәуекелге бас тігіп, алдау дегенге жол бермейді», – деген еді сұхбат берген ҚМДБ Қажылық бөлімінің бастығы Жәнділлә Бекжігітов.