Елге келген қазақтардың «Қандас» екені қалай анықталады

Жарияланды
Елге келген қазақтардың «Қандас» екені қалай анықталады / shutterstock

Елге келген қазақтардың «Қандас» екенін білу үшін жергілікті органның жанынан комиссия құрылып, геномдық сараптама алынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты.

«Жергілікті атқарушы органның жанынан комиссия құрылады. Оның құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы түрлі профессорлар мен сарапшылар қатысады», – деді Ертаев. 

Ол аталмыш комиссияның «Қандас» мәртебесін беру туралы шешім қабылдайтынын, егер шешім қабылдау қиынға соқса, геномдық сараптама жасалатынын мәлім етті.

«Комиссияның жұмыс функциялары, азаматтармен сұхбаттасу тәртібі, яғни өз ұлтын растай алмайтын адамға қандай сұрақтар қоюға болатыны туралы ережелер әзірленген. Сондай-ақ комиссияда қандай да бір күмән туындаған жағдайда геномдық сараптама жүргізу қарастырылған. Сараптама арқылы азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады»,– деді ол.

Еске сала кетейік, атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады.

«Бір терезе» қағидаты бүгінде пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады. 

Күшіне енген бұл жаңа тәртіпке Мемлекет басшысы 2023 жылдың 19 сәуірінде қол қойған. Қазіргі уақытта этникалық қазақтардан өтініш қабылдау бірқатар елде пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Олар: Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан. Ал кейін өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдердің елшіліктерінде де қабылдана бастайды.

ҚР Әлеуметтік кодексі және ҚР 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы аясында этникалық көші-қонды дамыту және қолдау бойынша жаңа заңнамалық бастамалар енгізілді. Соған сәйкес этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы енгізу жоспарланған. Ол карта бойынша жоғары деңгейлі кәсіби мамандар мен табысты кәсіпкерлердің елге кіру тәртібі жеңілдейді. 

Сонымен қатар азаматтардың солтүстік өңірлерге қоныс аударуын тиімді ету үшін институционалдық шаралар қабылданған. Енді тұрғын үй сатып алуға, үй салуға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізіледі. Ол бойынша тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз қаражат беріледі. 

Сондай-ақ оқыңыз