2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кеткен 

Жарияланды
2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кеткен / коллаж kursiv.media

2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кетсе, елге 23 мың адам көшіп келген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев мәлім етті.

«Былтыр сырттан келу көші-қоны бойынша оң динамика байқалды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша елге 23 мың адам (8,3 мың адамға өсті) көшіп келіп, 15 мың адам елден шықты. Сырттан келу көші-қон өсімі негізінен ТМД елдері мен Қытайға тиесілі», – деді Ертаев.

Ел ішінде де көші-қон динамикасы болған. Ең көп адам Астана қаласына көшіп бар.

2023 жылы қаңтар-қыркүйек айы аралығында 733 мың қазақстандық ел ішінде көшіп қонған. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келген.

Ал 2022 жылы Алматы қаласы ішкі көші-қон бойынша көш бастаған. Бұл қалаға қоныс аударатындардың қатары кеміген емес. Мәселен 2022 жылы Алматы қаласына 35,3 мың адам көшіп келген. Астана қаласымен салыстырғанда 1,5 мыңға артық.

Қазақстандық азаматтар көбіне қайда көшеді?

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 6,1%-ға өскен. Өңіраралық көші-қон бойынша Астана (33 798 адам), Шымкент (2 756 адам) қаласы және Алматы обласында (898 адам) халықтың көші-қонының оң сальдосы қалыптасты.2022 жылғы қантар-желтоқсанда елге 17 293 адам келсе,   24 239 адам көшіп кеткен. Көші-қон сальдосы –  -6 946 адам. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 57,5%-ға өсті, кеткендер саны 24,7%-ға азайды.

2022 жылы Қазақстанның сыртқы көші-қон векторын өзгертген. Кейінгі онжылдықта алғаш рет өзіне тән емес тенденция байқалды. Былтыр эмигранттардың қатары қысқарып, есесіне Қазақстанға көшіп келгендер мен мигрант саны артты. Алдыңғы жылы шетелге тұрақты тұруға 32,3 мың адам кетсе, былтыр 24,2 мың адам көшіп кеткен. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің қатары бір жылда 56,7 пайызға артып, 17,3 мыңға жеткен. Салыстырар болсақ, 2021 жылы елімізге 11 мың ғана адам көшкен.

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2011 жылдан 2022 жылдың қазан айына дейін елден 367,1 мың адам кеткен. Еңбекке жарамды эмигранттардың 38% жоғары, 34% орта кәсіптік білімге ие. 2022 жылы эмиграцияның азаюына Ресей мен Украина соғысы әсер еткен. 

Енді шетелдіктерге тұрақты тұруға өтініш берген күні жарамдылық мерзімі кемінде 180 күнтізбелік күнді құрайтын өзінің шетелдік паспортын ұсыну қажет.

Уақытша тұруға рұқсаттар алу үшін тұрғын үй иесінің, оның атынан сенімхат бойынша әрекет ететін адамның баруы не болмаса меншік иесінің нотариалды расталған келісімі қажет. 

Сондай-ақ оқыңыз