Илон Маск: Шектеу енгізбесе, қытай автокөліктері өзге компанияларды жойып жібереді

Жарияланды
Илон Маск: Шектеу енгізбесе, қытай автокөліктері өзге компанияларды жойып жібереді / shutterstock

Егер үкімет сауда шектеулерін енгізбесе, қытай автокөлік өндірушілері басқа автомобиль компанияларының көпшілігін басып озады. Бұл туралы 2023 жылдың қорытындысын шығару кезіндеTesla компаниясының басшысы Илон Маск айтқан. 

Reuters ақпаратына сүйенсек, миллиардер қытай автокөлік концерндерінің бәсекеге қабілетті және өз елінің аумағынан тыс жерде айтарлықтай жетістікке жете алатынын атап өткен.

«Егер ешқандай сауда кедергілері болмаса, олар әлемдегі басқа автомобиль компанияларын басып озып жойып жібереді», — деп ескертті Илон Маск.

Басылымның мәліметінше, кәсіпкер өткен тоқсанда қытайлық BYD Tesla-ны басып озып, электромобильдерді сатуда әлемдік көшбасшыға айналғаннан кейін осындай тұжырымға келген. 

The Wall Street Journal мәліметтері бойынша, 2023 жылдың соңғы үш айында BYD 526 000 электрокарь сатты, ал Tesla тек 484 500 көлік сатқан. Негізгі драйвер Қытай нарығы. BYD көліктері Таиланд, Аустралия мен Израиль нарықтарында көш бастап тұр. 

Осыған дейін Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы жастардың 35,7%-ы неміс автоөнеркәсібін, ал 55 жастан асқан азаматтардың 23,5%-ы қытай автокөліктерін таңдайтынын жазған едік. Қытай, неміс, қазақ автоөнеркәсібіне қызығушылық болғанымен, бұл жапон өнеркәсібіне жетпейді. Жалпы Freedom Finance Global  сауалнамаларына жауап берген респонденттердің 30,1%-ы жаңа жапон автокөлігін мінгісі келеді.

Қытай автокөліктері Қазақстан нарығын да жаулап жатыр

Қазақстан автонарығында да қытайлық көліктердің қатары артып келеді. Былтыр қытайлық өндірушілер ҚР автонарығындағы үлесін үш есе арттырды. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 4%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен. 

Алдағы уақытта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытының жобасы аясында қытайдың Changan, Haval және Chery брендімен автокөлік шығармақ. Жыл сайын осы маркалардың әрқайсысынан кемінде 30 000 көлік құрастырылады. 

Қытай көлік сатудан жаңа рекорд орнатты. Аспан асты елі 2023 жылдың соңына қарай бұл саладағы көшбасшы ел Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысына айналды.

Қытай электрокарлар сатудан онсыз да әлемде көш бастайды. Бірақ жанармаймен жүретін көліктер сатудан Жапония бірінші орында тұрған. Бірақ жағдай 2023 жылдың аяғына қарай өзгерген. The Wall Street Journal басылымы мұны әлемдік автомобиль өнідірісндегі «тектоникалық қозғалыс» деп бағалады.

Қытайдың Chery холдингі де ресейлік нарықтағы үлесін күрт өсірген. Бұл компания қытайлық жеткізушілер арасында белсенді. Жалпы алғанда 900 000-нан астам көлік экспорттаған. Бұл америкалық электромобиль өндіруші Tesla немесе оның негізгі қытайлық бәсекелесі BYD-ден көп.

Сондай-ақ оқыңыз