Астанада 101 және 112 шұғыл нөмірлері істемей қалды. Бұл жайлы Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«Астана қаласы тұрғындарына шұғыл ақпарат. Байланыс желісі бойынша техникалық ақауларға байланысты Астана қаласында ҚР ТЖМ Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл қызмет («101», «112») желілері ажыратылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Департамент төтенше жағдайлар бойынша қала тұрғындарынан кезінде келесі телефон нөмірлеріне қоңырау шалуды сұрады: 8(7172)55-94-32, 8(7172)37-41-70, 8(7172)37-43-63 және ұялы телефон нөмірлері 8-771-440-01-12, 8-708-269-23-41.
101 және 112 нөмірлеріне ұялы телефон арқылы шығу мүмкін емес, ал қалалық телефондардан хабарласуға болады.
«Курсив» оның себебін Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен сұрап білді.
«Қазақтелеком бұл ақаулықты жою жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп жауап берген баспасөз қызметі.
Ақпаратты толықтыру. Сағат 13.00-ге қарай Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі шұғыл нөмірлердің қосылғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел қызмет көрсету желілері қалпына келтірілді.
101 және 112 жеделнөмірлері қалыпты режимде жұмыс істейді»,- делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, елімізде жаңа шұғыл көмек көрсету қызметі пайда болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 111 нөміріне хабарласа алады. Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл нөмірге қоңырау шалу қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетіледі және қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылады.
Осы ақпарат жарияланғаннан кейін аз уақыттан соң , Астана қаласы ТЖД шұғыл нөмірлері қайта іске қосылғаны хабарланды.
ТЖМ-нің Астана қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментіне қарасты шұғыл қызмет желілері қалпына келтірілді.
«Қазіргі уақытта 101 және 112 нөмерлері тұрақты жұмыс істеп тұр», делінген хабарламада.